Қарағандылық жас кәсіпкер Джеф Безос пен Джек Маның жетістігін қайталағысы келеді
Ол онлайн сауда палатформасын ашқан
Жас кәсіпкер Айбек Жартыбаев – бүгінгі таңда 50 мыңнан астам тұтынушысы бар CoSauda жобасының құрылтайшысы. 30 жастағы жас кәсіпкердің жанында екі серіктесі бар. Azattyq Ruhy тілшісімен сұхбаттасқан Айбек бүгінгі таңда қоластында 20-дан астам қызметкері барын айтады.
ЕТ САТУДАН ОНЛАЙН КОММЕРЦИЯҒА ДЕЙІН
Айбек Жартыбаевтың айтуынша, электронды саудаға арналған платформа құру туралы идея олардың ойына ет сатып жүрген кезде келген.
«Менің жанымдағы серіктестерім бұған дейін ет сатумен айналысқан. Содан ол бір күні жолда келе жатып ет сататыны туралы бір әлеуметтік желіге хабарлама береді. Бірнеше сағаттан кейін оған бір кісі хабарласып, барлық етін сатып алатынын айтқан. Осыдан кейін ол жігіт неге ет сататын қосымша жоқ деп ойлаған. Содан бізге осындай идея келіп, алғашқыда тек ет сатуға арналған Sogym.kz қосымшасын іске қоспақ болғанбыз. Оның ішіне Жаңаарқаның қымызы, құрт-майын қосып дегендей (күліп). Содан бір ғана етпен тұтынушылар саны аз болатынын ойлап, барлық нәрсені жарнамалауға болатын отандық платформа қосайық деген шешімге келдік. 2015 жылы осы идеяны енді бастаған кезіміз еді. Электронды сауда туралы ақпарат іздесем, сол жылы Қазақстандағы электронды сауда көлемі 0,5%-ды құраған, ал көршілес Ресей Федерациясында 4%, ал АҚШ-та 7%-ға артқан. 2016 жылы үш жігіт болып интернет саудасына арналған CoSauda.kz жобасын қолға алдық», - дейді ол.
ЖАС КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛМАҒАН
Айбектің негізгі мамандығы қаржыгер. Оқу бітіргеннен кейін ол мамандық бойынша жұмыс істемеген. Іске қосылғанына үш айдан енді асса да, GoSauda сайтының бүгінгі таңда 50 мыңнан астам тұтынушысы бар. Бизнесін ары қарай кеңейткісі келетін Айбек мемлекеттік бағдарламалар жастар үшін тиімсіз екенін айтты.
«Даму» бағдарламасы арқылы несие алмақшы болғанбыз. Бірақ ол жерде жас кәсіпкерлерге жағдай қарастырылмаған екен. Себебі, үлкен сомада несие алу үшін бағасы сонымен тең кепілге қоятын мүлкің болуы тиіс. Біз сияқты кәсіпкерлікті енді ғана бастап жатқан жастардың бәрінің жылжымайтын жеке мүлкі бар дей алмаймын. Елімізде жастар тарапынан құрылған креативке толы түрлі стартаптар бар. Соларды ары қарай қолдауға арналған бағдарламалар жеңілдетілсе, тым құрыса біз сияқты кәсіпкерлерге мемлекет тегін жарнама жасаса да, жетіп жатыр», - дейді ол.
GOSAUDA ЖОБАСЫНЫҢ ТИІМДІЛІГІ ҚАНДАЙ?
Айбек құрылтайшы болып отырған GoSauda жобасы басқа бәсекелестеріне қарағанда, сатып алушыларға жағдай жасауымен артық болып тұр.
«Кез келген саудада сатушы және сатып алушы болады. ТМД-дағы онлайн сауда жобаларының көпшілігі сатушы үшін тиімді. Сіз көлік немесе үй сататын болсаңыз, оның фотосын салып, хабарламаңызды жазасыз. Содан соң сатып алушылар өздері хабарласады. Ал біздің жобада керісінше сатып алушыға жағдай қарастырылған. Яғни сіз өзіңізге қажетті заттың сипаттамасын біздің сайтқа кіріп жазасыз, сосын сізге сатушылар өздері хабарласып, тауарларын ұсынатын болады. Қаражат сатып алушы да болғандықтан, біз негізгі жағдайды сол тұтынушылар үшін ыңғайластырдық. Одан кейін біздің сайт ірі орта және шағын бизнесі бар кез келген компанияға өз өнімін жарнамалап, біздің GoSauda арқылы клиент табуы үшін арнайы платформа ұсынып, онлайн дүкен ашып береді», - деді Айбек Жартыбаев.
КАРАНТИН ЖӘНЕ ЭЛЕКТРОНДЫ САУДА
Кейіпкеріміздің айтуынша, карантин қазақстандықтарға электронды сауданың тиімділігін түсіндірді.
«Қазақстандықтардың көп бөлігі бұған дейін онлайн саудаға баса мән бермеді Бірақ карантин кезінде тұтынушылар да, сатушылар да онлайн сауданың қаншалықты тиімді екенін түсінді. Саудагерлер сауда орындарын жалға алмайды, тұтынушылар үйден шығып, уақытын құртпайды», - дейді ол.
Айбектің сөзінше, қазақстандықтар карантин кезінде тамақ өнімдеріне көп тапсырыс берген.
«Карантинде көпшілік үйдің тәттілері, қолдың майы, құрты, үйдің тұшпарасы сынды тағамдарға көп тапсырыс берді. Кейбір пысық қыз-келіншектер осы сәтті пайдаланып, түрлі тағамдарды сатып, табыс тапты. Жалпы, мұндай новаторлық жобалардың кәсіпкерлер үшін де пайдасы зор. Бүгінгі таңда «Амазонның» негізін қалаушы америкалық кәсіпкер Джеф Безостың байлығы $1 трлн-ға жетейін деп қалды. Джек Маның Alibaba қосымшасы арқылы әлем халқы сауда жасап отыр. Біздің қазақстандықтар да GoSauda арқылы тиімді сауда жасап, өз қажетін қиналмай тапса дейміз», - деді ол.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан