Қазақстандық хоккейші АҚШ клубына бас жаттықтырушы болды
Бұлбұл Қартанбаева - Ұлттық хоккей лигасындағы алғашқы қазақстандық әйел
Қазақстандық хоккейші Бұлбұл Қартанбаева АҚШ клубтарының біріне бас жаттықтырушы болды. Ол Нью-Джерси штатындағы «Princeton Tiger Lilies» командасын дайындайды. Бұлбұл - әйелдер арасындағы Ұлттық хоккей лигасындағы (NWHL) алғашқы қазақстандық, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қазақстанда ол «Томирис» және «Айсұлу» командаларының құрамында ойнаған.
«Жаттықтырушы ретінде мансабым 6 жыл бұрын басталған. Мен Қазақстанда жүргенде волонтер және жаттықтырушы болдым. «Hockey room», «Бригантина» хоккей мектептерінде жұмыс істедім. Одан кейін Канадаға көшіп барып, ересектер мен балаларға сабақ бердім. Ал былтыр америкалық мектеп командасының бас жаттықтырушысының ассистенті болдым. Биыл маусым айында маған жаттықтырушы қызметін ұсынды. Бірнеше сұхбаттасудан сәтті өтіп, жұмысымды бастап кеттім», - дейді Бұлбұл Қартанбаева.
Оның айтуынша, жұмыс берушілер оған мұндай қызметке шетелдіктерді ала бермейтінін айтқан. Ол енді 13-14 жастағы қыздарды жаттықтырады және өзінің кәсіби мансабын да жалғастыра береді.
«Кәсіби ойыншы болған да, қыздарды жаттықтырған да ұнайды. Екеуін қатар алып жүрмекпін. Қыздар маған қарап бой түзейді. Бұл мені шабыттандырады», - дейді ол.