ШұғылҚазақстанда тағы 517 адамнан коронавирус анықталды

Нұр-Сұлтанда вирус өршігелі саумалға деген сұраныс күрт өскен

Саумалдың бір литрі 1200 теңгеден сатылып жатыр

Фотолардың авторы: Нұрдаулет Әбікеев

Қазақстанда вирус өршігелі ұлттық сусынға деген сұраныс күрт жоғарылаған. Әсіресе саумалды ем ретінде ішетіндердің саны көбейген. Azattyq Rýhy тілшісі бірнеше жылдан бері бие бағып, ұлттық сусынды табыс көзіне айналдырған кәсіпкер Жәмила Битенованың биебауына барып қайтты.

ЖӘМИЛА АПАЙ КҮНІНЕ 15 ЛИТР САУМАЛ САУАДЫ

Жәмила апай Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы Қараөткел ауылының тұрғыны. Осыдан 2 жыл бұрын  күйеуі қайтыс болған. Қазір бала-шағасы, немерелерімен бірге тұрады. Айтуынша, пандемия басталғалы үйдегі үш биеге тыным болмаған. 

«Күйеуім қайтқалы жылқыларды суғарып, жем беру, оларды сауу - бәрі өз мойнымда. Кейде үлгермей қалсам, жайылымға бармай қалатын кездері болады. Қазір үш биеміз бар. Күн сайын таңғы 7-де тұрып, осы жануарлардың жем-суын беремін. Жайылымда жүрген жылқыны сағат 7.30-ға қарай жылқышы жігіт сауынға әкеледі. Сол жылқыларды күтіп алып, сауамын. Күніне 5 сауыннан  15 литр саумал аламын. Бұрындары халық қымызды көп алатын, коронавирус басталғалы қымыз ашытуға сүт қалмайды, тек саумал алады», - деді ол.

САУМАЛ АЛУ ҮШІН АДАМДАР 3 САҒАТТАП КЕЗЕККЕ ТҰРАДЫ

Жәмилә апай саумал адам бойындағы көптеген дертке ем екенін және соңғы кездері саумал алуға жұрт 3 сағаттап кезекте тұратынын айтты.

«Жылқы малы - қасиетті жануар ғой. Негізі, оның сүтін өкпе аурулары кезінде көп ішетін. Вирус басталғалы халық иммунитет көтеру үшін жаппай саумал ішіп жатыр. Үш сағаттық кезекке де қарамай, литрлеп алып кетіп жатыр. Жалпы, саумалдың пайдасын білмейтін қазақ кемде-кем. Атақты Шоқан Уәлиханов та дертке шалдыққанда саумал ішкен. Былтыр баласы ауырып қалған бір келіншек осында келіп, 15 күндей саумал ішті. Кейін «баламның гемоглобині көтерілді» деп алғысын айтып, қант-кәмпитін алып келді», - деді. 

Жәмила апайдың биебауынан саумал алатын тұрақты тұтынушылары телефон арқылы алдын ала жазылып, дайын болған уақытта ғана келеді екен.

«Қымызға келушілер бір жұма бұрын хабарласып, алдын ала тапсырыс беріп қояды. Әр сауында 3 адамнан аламын. Әрқайсысы 1 литрден алып кетеді. Ертең 11-ден бастап, кешке дейін саумалға тапсырыс бергендер саны көп. Бізге бір рет қана келіп кететін адам аз. Көпшілігі кем дегенде, бір апта немесе 10 күн қатарынан саумал ішеді», - дейді кейіпкеріміз.

БІР ЛИТР САУМАЛ – 1200 ТЕҢГЕ

Жәмила апай халық тарапынан ұлттық сусынға сұраныс қанша артса да, бағаны көтермей ұстап отырғанын айтты. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында бір литр саумал құны – 1200 теңге.

«Адам көп екен деп саумалдың бағасын көтермедім. Бағамыз бұрынғыдай, литрі - 1200 теңге. Келушілердің көбі - қалалықтар. Себебі, біздің ауылдың әрбір екінші үйі қымыз, шұбат сатумен айналысады. Оның үстіне, мынадай індет жайлаған кезде халықтың қалтасына салмақ салудың өзі артық қой», - деді.

Кейіпкеріміз бие санын көбейтуді жоспарлап жүргенін жасырмады.

«Бие басын көбейту жоспарымда бар. Кәсіпкерлерге арналған «Бастау» деген қайтарымсыз бағдарлама бар екен. Субсидиясы бар, жем-шөпке қосымша тағы ақшасы бар деп естідім. Қазір мынадай қарбаласпен әкімдікке барып, құжат жинаудың өзі мүмкін емес. Қарамайсыз ба, саумал халықтан артылмай жатыр. Қазір 10 бие саусам да жұрт талап алып кететін еді. Болашақта биелерімнің саны көбейіп қалар. Бастысы, мына бір індеттен басымыз аман, бауырымыз бүтін болып құтылсақ екен», - деп аяқтады әңгімесін.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Сұхбат