$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.06.2020, 10:27
Кейіпкер

Инженер, кәсіпкер, өнертапқыш, инвестор: миллиардер Маск туралы

Ғарышқа жекеменшік кеме жіберген Илон Масктан не күтуге болады?

Инженер, кәсіпкер, өнертапқыш, инвестор: миллиардер Маск туралы
Фотолар: ашық дереккөзден

29 мамыр күні америкалық кәсіпкер Илон Масктың иелігіндегі Space X компаниясы NASA-мен бірге ғарышқа Crew Dragon кемесін аттандырды. Осылайша, тарихта алғаш рет адам мінген кеме жекеменшік ұйым арқылы Халықаралық ғарыш стансасына жетті. Маск ақыры дегеніне жетіп, бірнеше мәрте сәтсіз аяқталған жобасын «алыс сапарға» аттандырып, «айдаһарын» аспанға бір-ақ шығарды.

Адамзатты түрлі жобаларымен таң қалдырып келе жатқан инженердің әлі де ұсынар қызығы көп. Амбиция, арманы бастан асатын оның миында тағы қандай идея қайнап жатқанын болжау да қиын.

«Біз ғарыш стансасына әлі талай зымыран жібереміз. Осы жағалаудан Марсқа да, Айға да аттанамыз деп ойлаймын. Қызық алда. Үлкен миссияларды орындауды жалғастыра беремін. Starlink аясында спутниктік, командалық миссия бойынша, жүк тасымалдары бойынша әр 10 күн сайын ракета ұшыру жоспарда бар», - деп айтты Маск Флорида штатынан зымыран аттанған күні.

Starlink – Space X компаниясының арзан және жоғары жылдамдықты интернет-каналдар байланысын құруға арналған жоба. Осының аясында орбитаға 60 спутник ұшырылды. Мұндағы Масктың мақсаты – бүкіл әлемді сапалы тегін ғаламтормен қамтамасыз ету.

Илон Маск – Space X-тен бөлек, электромобильдер шығаратын Tesla, электронды төлем жүйесін жүзеге асыратын PayPal компанияларының негізін қалаушы. Әлемді өзгертуге ықпал еткен техно-алпауыттардың басын қосып отырған адамның өмірі әркімге де қызық.

«Әлем қайдан басталып, қайдан бітеді?»

Ол 1971 жылы Оңтүстік Африка Республикасының Претория қаласында туған. Әкесі – инженер, ұшқыш, шешесі – фотомодель. 12 жасында алғаш рет Commodore VIC-20 компьютерін сыйға алып, бағдарлама жазуды үйренген. Содан өзі құрастырған бейнеойынды 500 долларға сатып ақша тапқан. Кітапты көп оқыған бала «Әлем қай жерден басталып, қай жерден бітеді?» деген сұрақтарымен әкесінің басын қатыра берген көрінеді. Оның көру арқылы есте сақтау қабілеті өте жоғары.

Жасөспірім кезінде фармацевтикалық компаниялардың акциялары арқылы қаржы тауып, Канадаға оқуға аттанған. Кейін АҚШ-тың Пенсильвания университетінде, Стэнфорд университетінде оқыды.

Стэнфорд қабырғасында екі-ақ күн уақыт өткізіп, 1996 жылы 25 жасында інісі Кимбел Маскпен бірге  жаңалықтар сайтын бағдарламамен қамтамасыз ететін Zip2 Corporation компаниясын құрды. 1999 жылы оны $307 млн-ға сатып, өзі $22 млн таза пайда тапты. 2001 жылы болашақ онлайн-төлемдерде екенін түсінген ол саладағы Confinity компаниясымен бірігіп, PayPal-дың негізін қалады. 2002 жылы eBay онлайн-дүкеніне $1,5 миллиардқа өткізіп жіберді.

Сол жылы Маск Ресейден ғарышқа жүк апаратын зымырандар сатып алмақшы болып, Мәскеуге келген. Алғашында оны тәжірибесі жоқ деп қайта шығарып салады, екінші рет талпынғанда $8 млн сұрайды. Ресейдің қойып отырған бағасы қымбат екенін түсінген ол өзі Space-X компаниясын құрып, Falcon зымырандарын құрастыра бастайды. 2018 жылы Falcon Heavy жер орбитасына Tesla Roadster спорткарын алып шықты.

Илон Маск Эберхард пен Марк Трапеннинг құрған электрокарлар шығаратын Tesla Motors-қа 2003 жылы ақша салды. Бірнеше рет банкротқа ұшырау қаупі төнсе де, әлемнің болашағы электрмен оталатын көліктерде екенін дәлелдеп, бизнесін сәтті жолға қойды. Бірақ, директорлар кеңесінің төрағасы ретінде Tesla-дан жылына 1 доллар ғана айлық алады.

Айтпақшы, ғалымдардың болжауынша, Масктың ғарыштағы электромобилі миллиондаған жылдар бойы қалықтай береді. 30 жыл сайын Жерге жақындап тұрады. Содан кейін Жер немесе Шолпан планетасына соғылады. Адамзат ғаламшарына құлағанның өзінде, ол жолда, атмосферада толық жанып кетеді.

Жоғарыда аталған ірі жобалардан бөлек, Маск электрлі көліктерді қуаттаумен айналысатын Solar System компаниясының жұмысына қатысады.

2013 жылы жерде ұшақтан да жылдам қозғалатын Hyperloop пойызын құрастыратыны жайлы айтты. Қазір оны дамытумен Hyperloop Transportation Technologies айналысып жатыр. 2017 жылы олар сағатына 387 шақырым жылдам қозғалатын көлік нұсқасын таныстырды.

Илонның жоспарында вертикалды бағытта электр қуатымен самғайтын ұшақ құрастыру да бар.

Баласына X Æ A-12 деген ныспы берген

Алып компанияларды қатар басқаратын Илон Масктың жеке өмірінде де тізіп шығатын дүниелер көп. Әлемнің аузында жүрген өнертапқыш-инженер бірнеше рет отау құрып, артынан ажырасып та үлгерген.

Студент кезінде танысып, 2000 жылы отасқан алғашқы әйелі Жюстин Уилсон екеуінің 5 баласы бар. 2008 жылы Маск британдық актриса Талула Райлимен кездесіп жүргендіктен, Жюстинмен арасы суып кетеді. Дегенмен, Талуламен де жараспай, 2012 жылы ажырасып, 2013 жылы қайта қосылады. 2016 жылы актрисамен толықтай арасын үзді.

Сол жылы танымал актриса Эмберд Хердпен көңіл жарастырып, тығыз жұмыс кестесінің кесірінен одан да алыстап қалды. Әлемдік басылымдардың жазуынша, белгілі актер Джонни Депп пен Эмбер Хердтің арасына сызат түсіріп, некесінің бұзылуына Илон Масктың де себебі болған. Себебі, Эмбер күйеуі бола тұра, Илон Маскпен кездесіп жүрген.

Илон Маск 2018 жылдан бері әнші, Граймс лақап атымен танымал Клэр Бушпен тұрақты түрде кездеседі. Биыл екеуі өмірге некесіз бала әкелді. Ата-анасы оған жынысын өскенде өзі таңдайды деп бейтарап ныспы берді. Баланың аты - X Æ A-12 (Ксайэй-Твэлв).

Ақпаратты ашық дереккөздерден алып әзірлеген - Абай Сейфулла.

Серіктес жаңалықтары