Отандық тұқымның сапасы төмен – диқан
Солтүстік Қазақстан облысындағы диқандардың жаңа тәжірибесі туралы

Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі егіс науқаны мәресіне жетуге жақын. 4 миллион гектарға жуық аумаққа тұқым егілмек. Өңірдегі шаруашылықтардың бірі «Токуши Grain» серіктестігі биыл алғаш рет тәжірибе ретінде қарақұмық өндірісін қолға алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
ЖАЗДЫҢ БІР КҮНІ – ҚЫСТЫҢ МЫҢ КҮНІНЕ АЗЫҚ
«Токуши Grain» серіктестігінің қарамағында 7 мың гектар жер бар. Оның 6400 гектарына дәнді дақылдар егіліп жатыр. Александр Веремский – механизатор. Күн сайын таң сәріден жұмысына кіріседі. Жаздың бір күні – қыстың мың күніне азық. Шаруалар үшін бұл мезгілдің әр сәті маңызды.
Суретте механизатор Александр Веремский
«Қазір топырақ құрамындағы ылғал жеткілікті. Артық та, кем де емес. Бұл өте жақсы. Бұған дейін соя мен жасымық ектік. Енді қарақұмыққа көштік. Шаруашылық құрылған кезден бері жұмыс істеп жүрмін. Жалпы 20 жылдан артық еңбек өтілім бар. Қазіргі техниканы ескі техникамен салыстыруға келмейді. Жайлы. Салонда кондиционер бар. Жұмыстан шаршамайсың. Еңбек етсең – жер жомарт. Осыны ескеріп, жұмыс істеп жүрміз», - дейді механизатор.
Шаруашылық техникасы алқапқа 10-шы мамырда шыққан. Бидай, жасымық, соя, сұлы, зығыр, арпа мен қарақұмық егіп жатыр. Серіктестік биыл қарақұмық өндірісін алғаш рет қолға алып отыр. Бұл мақсатқа 200 гектар жер бөлінген.
«Көп жұмыртқаны бір себетте сақтауға болмайды. Құласа, барлығы жарылып, түкке жарамай қалады. Егін шаруашылығы да солай. Жыл сайын түрлі дақылдарды егу керек. Бірі болмаса, екіншісі мол өнім береді. Қайсысына сұраныс көп болатынын да алдын-ала болжай алмаймыз. Жыл сайын баға түрліше қалыптасады. Әмбебап болуды үйренуіміз керек. Тұрақты ештеңе жоқ. Сұранысқа қарай дер кезінде бейімделу маңызды. Біз жоспарлы түрде әрекет етсек қана, ауыл шаруашылығы дамиды», - дейді шаруашылық басшысы Жомарт Омаров.
Суретте Жомарт Омаров
Шаруашылық бұған дейін қарақұмық өсіріп көрмеген. Биыл тәжірибе ретінде жүзеге асыруда. Тұқым Ресейден әкелініпті. «Қорған-Тұқым» шаруашылығынан сатып алынған «Инзерская» сұрпы үшін Солтүстік Қазақстан табиғаты қолайлы. Әр гектарға 50 келіден дән себіледі.
ДИҚАНДАР БАЛ АРАСЫН ІЗДЕЙДІ
Қарақұмық – жоғары сұранысқа ие өнім. Тыңайытқышты талап етпейді. Қарақұмық еккен алқапты арамшөп қауламайды. Жылуды жақсы көретін өсімдік. Тым ыстық болса, күйіп кетеді. Тағы бір әлсіз тұсы – үскірікке төзімсіз. Қарақұмық үшін Солтүстік Қазақстанның климаттық ерекшелігі жайлы. Дақыл 70-80 күнде пісіп жетіледі.
«Жаңа іс бастағанда қорқудың қажеті жоқ. Қазір ақпарат кеңістігі кең. Білмегеніңді интернеттен оқып аласың. Қарақұмық өсірген табысты шаруашылықтардың тәжірибесіне сүйеніп отырмыз. Бұл өсімдік – өнім ғана емес, бал да береді. Омарташылықпен айналысатын кәсіпкерлермен келіссөздер орнатып жатырмыз. Олардың арасында омарта қоюға өтінішті өздері білдіріп жатқандары да бар. Қазірден орын таңдап жатыр. Қарақұмықтың бір ерекшелігі – гүлдеу уақыты ұзақ. Бұл – омарташылар үшін де тиімді. Қарақұмықтың аталығы және аналығы болады. Өнім көлемі олардың дұрыс ұрықтануына да тәуелді. Сондықтан осындай жоспарымыз бар», - дейді Жомарт Жақсылықұлы.
Бал арасы өнімділікті 70 пайызға көбейтуге мүмкіндік береді. Ал омарташыларға әр гектарнан 50-60, тіпті 100 келіге дейін бал жинау мүмкіндігі туады. Өткен жылы Солтүстік Қазақстан диқандары гектарынан орта есеппен 10 центнер қарақұмық алған. Ал «Инзерская» сұрпы 50 центнерге дейін өнім беруі мүмкін.
«Биыл 5 мың гектар жерге қарақұмық егіледі. Былтыр бұл көрсеткіш 1600 гектар болған. Импорт алмастыру мақсатында осындай шаралар қолға алынып жатыр. Өткен жылы қарақұмықты Шығыс Қазақстаннан, Ресейден алдық. Бүгінгі күні көкөністерді егіп болдық. Майлы дақылдар алқабын да ұлғайттық. Мың гектарға жақындады. Жыл сайын майлы дақылдар алқабын арттырып келеміз. Көктемгі егіс жұмыстары көп ұзамай аяқталады», - дейді СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы жетекшісінің орынбасары Қуандық Шоқубаев.
ОТАНДЫҚ ТҰҚЫМНЫҢ САПАСЫ ТӨМЕН
«Токуши Grain» серіктестігі Австриядан 5 тонна бидай тұқымын алыпты. Тоннасының бағасы 1400 еуро. Шаруашылық тұқымды тәжірибе ретінде өсіріп көрмек. Аталған сұрып жоғары өнімділігі жағынан ғана емес, сапасы жағынан да жоғары бағаланады.
«Жақсы өнім алу үшін – жұмысты дер кезінде ұйымдастыра білу шарт. Тұқымды себе салып, күзде «өнім алмадым» деуге болмайды. Оған күтім қажет. Егін бітік шығуы үшін 9 операция орындалуы керек болса, соған қауқарлы болуың керек. Дегенмен, отандық бидай тұқымы гектарынан ең көп дегенде 50 центнер өнім беру мүмкін. Ал еуропалық дән 70 центнерге дейін жетеді. Біздің тұқым, технология, тыңайытқыш ондай мүмкіндіктер бермейді. Қара малды да сырттан әкеліп жатырмыз. Өйткені өнімділігі жоғары. Тәулігіне екі келі салмақ қосады. Бізде ондай мал жоқ. Жаңа ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ. Шетелдік тәжірибені өзімізге бейімдеп, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады», - дейді шаруашылық басшысы.
Агроқұрылым тәжірибе ретінде бірнеше тұқымды сынаққа алған. Олардың барлығы шетелдік сұрыптар.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО