Ақтауда балаларға тиісіп, мазасын алған ер адам ұсталды
Оған 20 мың теңге көлемінде айыппұл салынды

Ақтауда мас күйінде балаларға тиісіп, олармен әңгіме құруға тырысқан ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға Ақтау қаласындағы жағалауда болған. Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ер адам мас күйде балаларға жақындап, оларға сөз айтпақ болған.
Алайда оның әрекетінде заңға қайшы сексуалдық сипаттағы қандай да бір белгі анықталмады. Балалардың ата-аналарынан ресми шағым түспеген, зардап шеккендер жоқ.
Құқық қорғау органдары тәртіп бұзушыны ұстап, оны полиция бөліміне жеткізді.
«Аталған азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы (Қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл бапқа сәйкес, оған 5 АЕК (19 660 теңге) көлемінде айыппұл салынды», – делінген ресми хабарламада.