«5 рет топ жардым»: 82 жастағы словениялық әжей әлі күнге шаңғыдан халықаралық жарыстарға қатысып жүр

Темірхан Айжан

Ол  Шымбұлақта өткен әлем чемпионатына да қатысты

«5 рет топ жардым»: 82 жастағы словениялық әжей әлі күнге шаңғыдан халықаралық жарыстарға қатысып жүр
Фото: Әсет Құндақбаев

Словениялық журналист Альбина Подбевсек бала күнінен тау шаңғы спортын жанына серік еткен. 82 жастағы әжей биік таудан төменге құлдилай сырғанап қана қоймай, өте шымдамдылықты талап ететін биатлон бәсекесінде де бағын сынап жүр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі

Жасында кәсіби спортпен айналысқан әжей әлі күнге дейін халықаралық әуесқой шаңғышылардың жарыстарына қатысады. Журналист-шаңғышылар арасында өткен жарыстарда 5 рет әлем чемпионы атанған. Отбасын құрып, екі баланы тәрбиелеген. Ұлы мен қызы тенниспен айналысады, ал жұбайы Любляндағы Философия университетінің профессоры, әйелінің  жанкүйері.

Альбина жақында World SCIJ-дің (Халықаралық шаңғышы журналистер клубының) Алматыда өткен 69-шы қысқы кездесуіне де арнайы келді. Төрткүл дүниені аралаған, көрген-білгені мол, өмірі өнегелі әжей тәжірибесімен бөлісті.  

«Алып Альпі тауларының бөктерінде орналасқан менің елімде тау шаңғысы спорты өте танымал. Өзім шаңғы тебумен кішкентай күнімнен айналыстым. Ең алғашқы шаңғымды көкем ағаштан жасап, 8 жасымда тарту еткен. Биік шаңғы трассасынан жүйткей жөнелуді үйренгенше, қатарлас балалармен аласа беткей бойында теуіп жүрдім», - деді Альбина Подбевсек.

Қысты күні тау беткейінен құлдилай төмен түсіп, жолдағы кедергілерден өтіп, мәре сызығына жету асқан шапшаңдықты, қырағылықты, физикалық дайындықты қажет етеді.

«Словениядағы Краньска тауында шаңғы тебу мен трамплиннен секіру спортының бүкіләлемдік жарыстары өтеді. Әр елден келген спортшылар осы таудың етегіндегі табиғаты сұлу Планица ауылында жиналады», - дейді журналист.

Экономика мамандығында оқыған Альбинаны сүйікті спорты журналистика саласына алып келген. Ол жас балаларды да шаңғыға баулып, бапкерлікпен айналысқан. 

«Экономика факультетінде оқып жүріп, Словенияның бас газеті «Delo-ға» спорт тақырыбындағы мақалалар жаздым және шаңғышы-журналистер клубының мүшесі ретінде қыста балаларды шаңғы тебуге үйреттім. Көп ұзамай, әріптестерім, World SCIJ (Халықаралық шаңғышы журналистер клубының) мүшелері, мені өз қатарларына шақырды. Ол кезде клубта әйел шаңғышылар аз болатын. Көптеген жылдар бойы шаңғы теуіп, жарыстарда түрлі медальмен марапатталдым, 5 рет топ жарып, әлем чемпионы атындым. Осылайша спорт журналисі атты кәсібімді жалғастырдым», - деді спортшы әжей. 

Оның шаңғы спортымен айналысып келе жатқанына жарты ғасырға жуық уақыт өткен. Альбина World SCIJ клубымен бүкіл Еуропа елдерінде, АҚШ-та, Канада, Жапонияда болып, өнер көрсеткен.

«Қазір 82 жастамын. Әлі күнге шаңғыны жақсы тебемін, бірақ бұрынғыдай ақ қарда ессіз жүгіруді қойдым. Ұлым мен қызым да спортпен жүйелі айналысады. Бұрынғы Югославия кезінде олар теннистен жеңімпаз болған. Ал жұбайым Люблянадағы Философия университетінің профессоры ретінде қызмет істейді. Ол шаңғы спортының, әсіресе теннистің үлкен жанкүйері»,-деді кейіпкер.

Альбина Қазақстанды туризмі дамыған ел, ал халқын аңқылдаған ақккөңіл, қонақжай деп сипаттады.

«Маман ретінде айтарым, Қазақстанның өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, әсіресе, туризмі жақсы дамыған екен. Мен таңғалдырғаны сол болды. Адамдары мейірімді, ақкөңіл, қонақжай. Қазақстанның жері кең әрі табиғаты тамаша, тауы мен көлдері көз тартады. Әсіресе, қызғалдақ пен алма жақсы өседі екен. Олардың болашақта елді танытатына сенемін. Жақын арада қысқы Олимпиада жарыстарын өткізуіне тілектеспін. Сонымен қатар, ауылдық жерде тұратын халықтың жағдайына көңіл бөлініп, жақсарады деп сенемін», - деді ол.

Словениялық журналист қысқы спорт түрлерінен қазақ әйелдерінің ішінен де ерлермен қатар өнер көрсететін мықты мамандар шығуына тілек білдірді. Альбина SCIJ халықаралық шаңғышы журналистер клубының жиынын өткізген Қазақстанға алғыс білдіріп, керемет кездесуді мәңгі жадында сақтайтынын айтты.

«Әлемнің кейбір елдерінде спортқа көбінесе ер адамдар барады. Бірақ Қазақстанда спортты сүйетін әйелдердің көп екенін сеземін. Сондықтан спортта, әсіресе, қысқы спорт түрлеріне баруға батылдық танытыңыздар дегім келеді. Біздің елімізде жігіттермен қатар трамплиннен 100 метрден астам қашықтыққа секіруден дүниежүзілік жарыстарда жеңіске жетіп жүрген әйелдер көп. Қазақстан SCIJ кездесуін тамаша ұйымдастыра білді, сол үшін алғыс білдіремін және бұл жиын біздің есімізде ұзақ сақталады. Қазақстанға барлық жақсылықты тілеймін. Дүние жүзіндегі халықтарға тыныш өмір тілеймін!», - деді Словенияның шаңғышы-журналисі Альбина Подбевсек.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.