$ 515.03  584.82  6.24
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақ тілін білгеннің несі таң - орыс қызы Анжелика

Ол қазақтың танымал қоғам қайраткерлері туралы да ізденіп оқыған

Қазақ тілін білгеннің несі таң - орыс қызы Анжелика
Фотоколлаж Azattyq Rýhy

Өскемен қаласында орыс қызы қазақ тілін өзгелерге үйретіп жүр. Бір жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысында «Сөйле» тілдесу орталығы ашылды. «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Жастар қанаты ұйытқы болған жоба қазақ тілін үйренуді қалайтын жандарға қолдау көрсетеді. Осы орталықта тіл үйретуші маманның бірі Шабданбекова Анжелика Игоревна өз тәжірибесімен бөлісті.

ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛГЕНІМ – МАҚТАНАТЫН ЕМЕС, ҚАНМЕН ДАРЫҒАН ҚАЛЫПТЫ ҚҰБЫЛЫС

Анжелика қазір 23 жаста, Ресейде туған. Мемлекеттік тілді бала кезінен білген ол, бүгінде білікті оқытушыға айналған.

«Қазақстанға бала кезімде көшіп келдім. Аршалы ауылында өстім. Қазақ тілін ес білгелі білемін, өйткені, қазақ ауылында өскенмін. Тілді қалай үйреніп кеткенім есімде жоқ. Себебі, ол туа бітті дарыды. Көршілерім, таныстарым, достарым – бәрі қазақ. Орыстардан ауылда біз ғана болдық. Ешқашан өзімді өзге ұлт өкілі санамайтынмын және тіл білгенім үшін ешқашан мақтанбайтынмын. Мысалы, басқа қалаға қонаққа шақырса, менің қазақ тілін білетінімді көріп, көбі таң қалатын. Ал мен олардың реакциясына таң қалатынмын. Анамнан «олар неге сонша аң-таң?» деп сұрайтынмын. Себебі, бұл мен үшін қалыпты құбылыс еді», - дейді Анжелика.

Анжелика өзге ұлт өкілдерінің арасында өтетін сайыстарға көп қатысқан. Алайда мақтану, орын алу үшін емес, қазақ тілін көп адам білсе екен деген ниетпен қатысқанын айтады. Қазақ тілінде сөйлегенін қалыпты көрген Анжелика қазақ отбасына келін болып түскен. Ол бұл әрекетін де ешқандай ерекшелік деп санамайды.

«Келін атанғаныма 4 жыл толады. Күйеуім екеуміздің танысқанымызға 7 жыл. Қазақ отбасының келінімін. Күйеуім – шанышқы, таза қазақ. Күйеуімнің тегін алдым. Анам – украин, әкемнің ұлты – орыс. Әкем 9 жасымда қайтыс болған. Сондықтан, әкем туралы көп есімде жоқ. Қазақ дәстүрлерін бала кезімнен білемін. Бұл ретте анамның ықпалы зор. Мені ешқашан ұлтыма қарай бөлген емес. Сол себепті қазақ дәстүрлерін бала кезімнен білемін. «Сенің достарың қазақ, ал бірақ ұлтың қазақ емес» деп айтқан емес. Келін болып түскенде сол себепті де ешқандай жаңалық ашатындай дәстүр болған жоқ. Бәрін білетінмін. Бала кезімде белгілі бір дәстүр жайлы естісем, ол туралы деректі кітаптан оқып алатынмын. Себебі, ол кезде телефон болған жоқ. Қоғамда орны бар қайраткерлер туралы да кітаптан көп оқыдым. Менің ойымша, адам өзі ізденіп, кітап оқып, ынталанса тілді оңай үйреніп алады. Телефоннан емес, кәдімгі кітаптан оқыған дұрыс», - деп анасының берген тәрбиесі жайлы айтты.

Ал Анжелика сабақ беретін «Сөйле» тілдесу орталығы Өскемен қаласында «Менің елім – менің тілім» республикалық жобасы аясында ашылған.

«Сөйле» тілдесу үйірмесі өткен жылы қаңтарда ашылған. 1 жылда 100-ден аса адам келіп, қатысты. Қатысушылардың саны күн санап артуда. Бұл үрдіс бізді өте қуантады. «Тіл үйренуді неге ерте бастамадым» дейтін жандар көп. Мен оларға «үйде де қазақша сөйлеуге тырысыңыз, телефоннан ән қосып қойыңыз, аударма қасыңызда болсын» деп кеңестерімді айтамын», - дейді білікті маман.

Қазақ тілін оқуға құлшынысы бар облыстың кез келген азаматы «Сөйле» тілдесу үйірмесіне қатыса алады. Үйірме аптаның демалыс күндері және тегін түрде жұмыс істейді екен.

«Менің ойымша, өзіңіз бұл мәселені батылдықпен қолға алып, қазақ тілін үйреніп аламын деп шешсеңіздер, еш кедергі жоқ. Ал егер ниеттеніп емес, амалсыз, тек Қазақстанда тұрып жатқаныңыз үшін үйренуге шешім қабылдасаңыз, түк шықпайды. Қазақ тілін шын ниеттенген адам бір жылда-ақ тез үйреніп кете алады», - деді Анжелика ханым.

Анжеликаның қызы Малика жазда 3 жасқа толады. Ол қызына анасынан көрген тәрбиені беріп жатқанын айтты.

«Анам мені қалай өсірді, сол тәрбиені беремін. Үйде қазақша сөйлейміз. Қызым балабақшаға қазақ тобына барды. Біз, көбінесе, телефонда отырамыз. Балалар тұрмақ, үлкендер, өзіміз де сондаймыз. Ата-ана бұл ретте балаларын қадағалауы тиіс. Баласы дұрыс дамуы үшін телефонға әуестігін жою, қадағалау, кітап оқуға бейімдеу маңызды. Ютубтағы мультфильмнің өзі баланың ойлау жүйесіне кері әсер етеді. Мысалы, «Маша и медведь» мультфильмінің өзі балаға қырсықтықты, ананың тілін алмауды үйретеді. Сондықтан не көріп отырғанын қадағалаңыз. Қазіргі қазақша мультфильмдер, әндер, балаларға арналған әндер бар, соларды қосса, бала оны тез жаттап алады», - деп өзінің де аналық тәжірибесімен бөлісті.

Айта кетерлігі, «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Жастар қанаты ұйытқы болған жоба Қазақстанның көптеген аймағында жалғасын тауып жатыр. Жоба аясында Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарында «Сөйле» тілдесу үйірмелері ашылды. Келушілер саны күн өткен сайын артып келеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Сөйле» тілдесу клубтарына кез келген азамат қатыса алады. Толық ақпарат @jastar_ruhy Instagram парақшасында.

Серіктес жаңалықтары