Елімізде жас ғалымдар жусан шөбінен диабетке қарсы дәрі әзірлеп жатыр
Сол сияқты қабынуға, коронавирусқа қарсы биологиялық белсенділігі зерттеліп жатыр
Елімізде ғылым бағытының қарқын алып, қарыштап дамуына ерекше көңіл бөлініп келеді. Нәтижесі де сенім ұялатады. Ғылым жолына бетбұрып, тың жаңалықтар ашып, жұртшылықты өзіне тәнті етіп жүрген жас ғалымдардың қатары күн санап көбейіп жатыр. Осындай жандардың бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Әлия Нұрлыбекова. Ұстаздық жол мен ғылым саласын қатар алып жүрген ол бүгінде Қазақстан аумағында өсетін өсімдік атаулының химиялық құрамын зерттеумен айналысып жүр. Azattyq Ruhy тілшісімен сұхбаттасқан жас ғалым ғылыми ізденісі жайлы жан-жақты түсіндіріп берді.
Сөз басында жас ғалым Әлия Нұрлыбекова өзі айналысып жүрген ғылыми жұмысының маңызына, оның бүгінгі қоғамға, қарапайым халыққа берер пайдасына кеңінен тоқталып өтті.
«Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында өсетін өсімдік атаулының химиялық құрамын зерттеумен айналысып жүрмін. Ғылыми ізденісіміз былайша көрініс табады. Алдымен өсімдіктерді анықтап, оларды жуып, кептіру, артынан ұнтақтау – жұмысымыздың негізгі бөлігі. Ал осыдан барып, ұнтақталған өсімдіктің сығындысын шығарамыз», - деп Әлия ғылыми ізденісінің алғашқы процесі туралы түсіндіріп өтті.
АДАМ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ПАЙДАЛЫ ТАБИҒИ ӨНІМДЕР ШЫҒАРЫЛАДЫ
Сөзін жалғай отырып, өзге өсімдіктердің сығындыларымен қосқандағы химиялық өзгерістеріне ерекше көңіл бөлінетінін тілге тиек етті.
«Ғылыми жұмыс барысында алынған сығындылардың биологиялық белсенділігі зерттеу жұмысына жіберіледі. Ал ары қарай оның химиялық құрамындағы өзгерістеріне назар аударылады. Өзгерістердің арасында осыған дейінгі ғылыми ізденістерімізде кездескен, яғни белгілісі, сол сияқты белгісіздері де бар. Бұдан бөлек фармакологиялық белсенділігі де қоса зерттеледі. Жүргізілген зерттеу жұмысының нәтижесі бойынша биологиялық белсенді қоспалар, түрлі препараттар әзірлеп шығарамыз. Бұл қазақстандықтар үшін өте пайдалы болмақ. Қанша дегенмен бұл табиғи өнімдер арқылы әзірленеді. Құрамында синтетикалық өнімдер, химиялық қоспалары жоқ», - дейді жас ғалым.
Сөзін жалғай отырып, өзі қызмет ететін – Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығында биологиялық белсенді қоспалар бүгінге дейін зерттеуден толық өтіп, әзірлену сатысында екенін қозғап өтті.
Қазір Орталықта өндірген өнімдерді мемлекеттік тіркеуден өткізіп, ары қарай құқықтық иелігі бізде ғана болуы үшін патенттеу жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бұл біздің нарыққа еш қиналмастан шығуымыз үшін әрі жоғары сапалы, табиғи өнімдерімізді емін-еркін сатуымыз үшін аса қажет. Әрине алдымен Қазақстан аумағына шығаруды жоспарлап отырмыз. Бәрі оңынан болып, сұраныс артып жатса, әлемдік нарыққа да шығару жоспарымызда бар», - дейді жас ғалым.
ДАЛА ЖҰПАРЫ – ЖУСАНДЫ ЗЕРТТЕУМЕН АЙНАЛЫСАДЫ
«Алғаш рет Қазақстан аумағында өсетін Ligularia narynensis және Ligularia sibirica фитохимиялық құрамы зерттелді, осы өсімдік түрлерінен биологиялық белсенді қосылыстар оқшауланды, сонымен қатар өсімдіктерден оқшауланған сығындылар мен қосылыстардың биологиялық белсенділігі зерттелді. Қосылыстар мен сығындылар тері ауруларына қарсы белсенділік пен жоғары цитотоксикалық белсенділікті көрсетті. Болашақта осы қосылыстар негізінде фитопрепараттар мен биологиялық белсенді қоспаларды әзірлеу жоспарланып отыр», - дейді жас ғалым.
Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығында Қазақстан аумағында өсетін жусан түрлерін зерттеу жүріп жатыр. Қазақстан аумағында жусанның 81 түрі өседі, оның ішінде эндемиктер бар. Жусаннан алынған қосылыстардың диабетке қарсы, қабынуға қарсы, коронавирусқа қарсы биологиялық белсенділігі зерттелуде.
Сондай-ақ, Қазақстанда өсетін емдік өсімдіктерден тағы да өнімдер әзірлеу үшін зерттеу жұмыстары жүргізілуде екен. Сонымен қатар белгілі бір өнімді әзірлеп шығару мен оны тұтынушыға жеткізу қанша уақытты алатынын да айтып өтті.
«Негізі әрбір өнімнің зерттеу сатысынан өтуі, оның әзірленіп, қарапайым халыққа жеткізу уақыты әртүрлі. Мәселен өзім қызмет ететін Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы 2019 жылы ашылған болатын. Бүгінде орталық алғашқы өнімдерін шығаруда. Олардың қатарында биологиялық белсенді қоспалар және фито шәйлар бар. Мұның бәрі ғылыми жетекшім PhD, профессор Жеңіс Жанар зерттеу жұмыстарының нәтижесі», - деп ойымен бөлісті.
Әңгіме арасында әзірленіп жатқан өнімдердің бір түріне тоқталып өтті, сол сияқты өндіріс бойынша да жұмыс назарда екенін жеткізді.
«Болашақта косметикалық өнімдерді әзірлеу жоспарлануда. Жалпы біздің орталық адам денсаулығына тікелей әсер ететін өнім әзірлейтін болған соң сынақ жұмысына да ерекше көңіл бөледі. Өсімдік шикізаты негізінде әзірленген соң экологиялық тұрғыдан таза өнім болып есептеледі.
Шыны керек, Қазақстан импорттық өнімдерге өте тәуелді. Ал дәрі-дәрмектердің арасында синтетикалық өнімдермен әзірленген тауарлар өте көп. Біз осы олқылықтың орнын толтырып, отандық табиғи өнімдер әзірлеуді Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы ашылған сәттен бастап алдымызға мақсат еттік. Бұл өз кезегінде ел экономикасына да оң өзгеріс берері сөзсіз», - деді Әлия Нұрлыбекова.
МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН ҚАНДАЙ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ?
Сөз соңында Әлия Нұрлыбекова жас ғалымдардың ғылыми ізденісінің жемісті әрі сәтті жүзеге асуы үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға тоқталып өтті.
«Біз өзіміз ізденетін бағытта ғылыми жобаларға қатысып, жұмысымызды ұсынып жеңіп алып жатамыз. Бұл бізге қаржылық жағынан да, өзге де мәселелерді шешу жағынан да мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан үлкен қолдау болып есептеледі. Осы жобаның аясында өзімізге қажет түрлі құрал-жабдықтар сатып ала аламыз», - деп жас ғалым сөзін аяқтады.
Айта кетейік, былтыр Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығында өсімдік шикізаты негізінде инновациялық өнім әзірлейтін шағын өндіріс ашылған болатын.
Шағын өндіріс орнының ашылу салтанатына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері мен білім ордасының ғалымдары қатысқан болатын.
Шағын өндіріс орнында шығарылатын әрі сұраныстағы өнімдердің бірі – адам ағзасының иммундық жүйесінің белсенділігін арттыратын, вирустық тұмау кезінде асқыну қауіпін азайтатуға көмектесетін биологиялық белсенді қоспа болып саналады. Аталмыш оқу орнының хабарлауынша 2020 жылы дайындалған табиғи тұнбаның құрамына өкпені қуаттайтын, қақырық түсіретін, қанды сұйылтатын, қандағы майларды жоғалтып, қан айналымын жақсартатын, күш-қуат беріп, ұйқыны реттейтін қасиеті бар өсімдіктер қосылған.