ТikTok-та ән айтып танымал болған электрик жігіт кім?

Azattyq Rýhy

Олжастың видеосы бес күнде 2,6 миллион қаралым жинаған

ТikTok-та шетелдік әндерді орындап танымал болған электрик жігіттің өнеріне қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер де сүйсініп жатыр. Бес күн бұрын жарияланған Олжастың видеосын 2,6 миллион адам көріп, 270 мыңға жуық лүпіл басып, 7 мыңнан аса адам пікір білдірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Олжас Қызылорда облысы Шиелі ауданында туған. Атыраудағы «ТеңізШевройл» компаниясында электр-монтажшы болып жұмысқа орналасқанына бір айға жуық уақыт болған. Ал танымал болып кеткен видеоны атыраулық әріптестері туған күн кешінде отырғанда түсіріп алған.

«Сол күні досымның туған күніне жиналып отырғанбыз. Отырыс көңілді өтсін деп біраз ән айтып едім, бұлай тарап кетеді деп ойламадым. Негізгі мамандығым электр-монтажшы. Әншілік жәй хобби ғана, ағылшын тілін де жетік меңгермегенмін. Мектеп кезінде облыстық, аудандық сайыстарға қатысып тұратынмын, сол кезде айтқан әндер ғой. Бір жылдары қаражат жағынан қысылғанда той-томалақта ән айтқан сәттер болды», - деді Олжас.

TikTok-та тараған видеода кейіпкеріміз әнші Akon-ның «Smack that» атты өлеңін орындайды. Аталған видеодан кейін Олжасқа түрлі ұсыныстар айтып, жылы лебіздерін жазып жатқан оқырмандар саны көбейген.

«Түрлі идеялар ұсынып хабарласып жатқан жігіттер бар. Бірақ анау айтқандай салмақты ұсыныспен шығатындар бола қояды деп ойламаймын (күліп). Дайректтегі хабарламаларды оқып үлгере алмай жатырмын. Көпшілігі менің өнеріме тәнті болғандарын жазған», - дейді Олжас.

Кейіпкеріміз отбасылы, жұбайымен бір жарым жасар қызды тәрбиелеп отыр.

«Отбасым бар, кішкентай қызым бар. Ата-анам, екі әпкем бар. Мені қолдап жатқан барша қазақстандықтарға алғысым шексіз! Қазір вахтада жүрмін, шыққаннан кейін біраз адам танып жатса таңғалмаймын (күліп). Оқырмандарымды әлі талай жақсы әндеріммен қуантатын боламын», - деп аяқтады ол әңгімесін.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.