$ 495.28  518.41  5.44
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
31.10.2021, 15:22
Кейіпкер

«Өмірдің өзі ерекше балалармен жұмыс істеуге дайындағандай»: инклюзивті білім беретін мұғаліммен сұхбат

Адилия Капизова елордадағы №88 мектеп-лицейінің инклюзияны қолдау кабинетінде жұмыс істейді

«Өмірдің өзі ерекше балалармен жұмыс істеуге дайындағандай»: инклюзивті білім беретін мұғаліммен сұхбат
Фотолардың авторы Георгий Копылов

Инклюзивті білім беру ерекше балалардың мектепке дейінгі және мектеп өміріне толық көлемде қатысуына мүмкіндік береді. Қазақстанда аутизм спектрінде бұзылуы бар 7 мыңға жуық бала бар, ал бейресми деректерге сүйенсек, олардың саны 30 мыңнан асады. Елімізде білім берудің инклюзивті моделін жасау және енгізу мақсатында «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасы жұмыс істейді. «Болашақ» қоры іске асыратын жобаның негізгі бағыттарының бірі – инклюзияны қолдау кабинеттерін ашу және оларды әдістемелік сүйемелдеу. Елордалық Адилия Капизова дәл осы инклюзияны қолдау кабинетінде ерекше балалармен жұмыс істейді. Ол қарапайым педагог-ассистенттен ұстазға дейін көтерілген білікті маман.

Azattyq Rýhy тілшісі Адилиямен сұхбаттасып, инклюзивті білім берудің ерекшелігі, инклюзияны қолдау кабинетінің жұмысы мен ерекше балаларға сабақ беру барысы жайында сұрап білді.

Айта кетерлігі Адилияның өзі де жас кезінде денсаулығына байланысты ерекше оқу форматында білім алған. Ол Қостанай облысы Жітіқара қаласының тумасы.

«Жасым 27-де. Жетінші сыныптан бастап денсаулығыма байланысты үйде оқуыма тура келді. Оқытудың бұл форматына көшу омыртқама жасалған алғашқы отамен байланысты болды. Үйде жалпы білім беретін оқу бағдарламасы бойынша оқыдым. Барлық мұғалім үйге келіп сабақ беретін. 11-сыныпта мектепке оралуға тырыстым, бірақ тез шаршау мен дененің жеткіліксіз дайындығына байланысты мектепке бара алмадым. Десе де, ҰБТ-ны барлығымен бірге тапсырдым. Алайда, маған дәлізге шығуға рұқсат етілді, өйткені ұзақ отыру омыртқаға үлкен салмақ келтіретін», - дейді ол.

Денсаулығы түзелгеннен кейін Адилия бакалавриатта «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығы бойынша, магистратураны «Педагогика және психология» мамандығымен тәмәмдап шығады.

«Бакалавриатта оқып жүрген кезде Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінде оқуға мүмкіндік алдым. Магистратурада Шанхай ынтымақтастық университеті аясында қосдипломды білім беру бағдарламасы бойынша оқыдым. Бірінші жылы Ресей халықтар достығы университетінде (РХДУ), екінші жыл Л. Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім алдым. Магистратурада оқып жүрген кезден ерекше балалармен жұмыс істеу орталығында тәжірибеден өтуге тырыстым, бірақ кейін өзіме күмәнданып, бас тарттым», - дейді Адилия.

Ол ерекше балалармен жұмыс істеудің күрделілігін түсініп, қанша күмәнданса да қызметін осы саламен байланыстырған.

«Оқуды аяқтап, диплом алғаннан кейін көптеген түлек сияқты жұмыс іздеуде қиындықтарға тап болдым. Кезекті әңгімелесудің бірінде мен барған мектептер педагог-психолог лауазымына шақыра алмайтынын, бірақ жақын арада педагог-ассистент (тьютор) лауазымына қабылдау жүргізілетінін айтты. Кейін маған С.Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейінің инклюзивті қолдау кабинетінің мұғалімі хабарласып, топтық сұхбатқа келуімді сұрады.

Аздап қорқыныш болды, өйткені бұл өте жауапты жұмыс. Оның үстіне, бұрын ерекше балалармен жұмыс істеп көрген жоқпын. Қор кураторы тәжірибенің жоқтығы керісінше жаңа ұжыммен бірге кәсіби дағдылануға көмектесетінін айтты. Менің ойымша, өмірдің өзі мені ерекше балалармен жұмыс істеуге дайындағандай. Өйткені, өзім де, көптеген бала сияқты біраз уақыт сыныбымның, мектептің жалпы өмірінен шығуға мәжбүр болдым. Сондықтан қоғамның адам өміріндегі рөлі қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін», - дейді Адилия.

Ол өзі жұмыс істейтін инклюзияны қолдау кабинетінің жұмысына тоқталды.

«Инклюзияны қолдау кабинеті мұғалімінің міндетіне педагог-ассистенттердің жұмысын үйлестіру, оқушыларды базалық сөйлеу және оқу дағдыларын оқыту хаттамаларын жазу, педагог-ассистенттерді құрастырылған хаттамалар бойынша жұмысқа үйрету, жағымсыз мінез-құлықты түзету, жеке оқытудың бағдарламасын жасау және оқушылардың ата-аналарымен жұмыс кіреді. 

Қазір мен №88 мектеп-лицейінің инклюзияны қолдау кабинетінде жұмыс істеймін. Біздің кабинеттің қолдауымен ерекшелігі бар 10 оқушы оқиды. Басты мақсатымыз – оқушыларымызға педагог-ассистенттің көмегінсіз жалпы білім беретін сыныпта өз бетінше оқуға көмектесу», - дейді маман.

Ерекше балалармен жұмыс істеу оңай емес. Адилия сабақ беру барысы ұстамдылықты қажет ететінін айтады. Балаларға тым жұмсақ, қатаң да болуға болмайды. Тепе-теңдік сақталу қажет дейді ол.

«Ерекше балалармен жұмыс істеу барысында мұғалім шыдамды, ұстамды, жауапты және толерантты болуы керек. Өйткені, нәтиже бірден болмайды. Уақыт керек. Сабырлыққа қатысты бір мысал, кейде біздің оқушыларымыз өзімізді сынап алады. Бұл жағымсыз мінез-құлықтың көрінісі түрінде болуы міндетті емес. Балалар мен мұғалімдер бір-біріне үйреніп кетеді. Кейде сезімге беріліп сәл әлсіздік танытуыңыз мүмкін. Бала оны бірден ұстап қалады және оны өзімізге қарсы қолдана алады. Сондықтан өзіңді ұстай білу өте маңызды», - дейді Адилия.

Аутизммен туған балалардың күрделі есептерді оңай шығара алатынын ғалымдар дәлелдеген. Тек қасындағы адамды түсінбеуі, тыңдай алмауы, іс-қимылы сабақты бөлуі мүмкін. Адилия оқу процесі қалай жүретінін, олармен жұмыс істеу үшін қолданылатын әдіс-тәсілдерді айтты.

«Біздің оқушылар өздерінің жеке мүмкіндігіне байланысты сыныпта біраз уақыт және инкюзивті қолдау кабинетінде оқиды. Алғашында оқушы әр сабақтың 2 немесе 5 минутын қарапайым сыныпта, ал қалған уақытты кабинетте оқи алады. Уақыт өте келе сыныпта оқу уақыты арта береді. Біз балаларды оқыту барысында қолданбалы мінез-құлықты талдау (АВА-терапия) қағидаларын қолдану арқылы жұмыс істейміз. Әр балаға әр түрлі әдіс қолданатын кездер болады. Ерекше балалармен жұмыс тәжірибемде барлығы 8 оқушыны мектепке дайындап шықтым», - дейді ол.

Маман кабинет мұғалімдеріне қиындық тудыратын бірнеше мәселеге тоқталды.

«Өкінішке қарай, мектептерде мінез-құлық маманы лауазымы қарастырылмаған. Сондықтан республика бойынша инклюзияны қолдау кабинеті мұғалімдеріне әр түрлі міндеттеме жүктеледі. Бұл кабинет мұғалімнің жұмысын қиындатады және міндетін орындау үшін ресурстардың жетіспеуіне әкеледі. Сол себепті мектептерге жаңадан мінез-құлық маманы лауазымы енгізілуі керек деп ойлаймын», - дейді Адилия Капизова.

Айта кетейік, Инклюзияны қолдау кабинеті «Болашақ» қорының ұйымдастыруымен 2015 жылдан бері жұмыс істейді. Аталған қор Қазақстанның 17 өңірінде 43 инклюзияны қолдау кабинетін ашқан. Өткен жылдан бастап балабақшаларда да осындай кабинеттер ашу қолға алынды. Бүгінде «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасы аясында 600-ге жуық ерекше бала мектепте білім алуға қол жеткізді.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары