«4 млн теңгесін ата-анасына қайтардық»: Әділет Зейнел әкімдіктен 20 млн теңге алғанын айтты
Әділет Зейнел әкімдікте 20 млн теңге қолма-қол ақша берілгенін айтты
Астана қалалық сотында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты соттың екінші отырысында Әділет Зейнел жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әділет Зейнел әкімдік тарапынан көмек көрсетілгенін айтты. Ол кезде Әділет Зейнел жәбірленуші болған.
«Ұлдананы жерлеген күні бізді әкімдікке шақырды. Ол жерде Астана әкімі, орынбасары және мәслихат депутаты болды. Сол кезде 20 млн теңге қолма-қол ақша берді. Ол жерге біз Ұлдананың сіңлісі екеуміз бардық. Жерлеу рәсіміне қанша ақша жұмсалғаны есімде жоқ», - деді Әділет Зейнел.
Оның айтуынша, ол кезде Зейнел жәбірленуші статусында болған.
«Мен Ұлдананың анасы Сәлима Ешанқұлованың өтінішімен жәбірленуші статусынан бас тартқым келді. Себебі мен басқа отбасы құрып, үйлендім. Ол БАҚ-та статусты алып тастауды сұрады. Мен келістім. 20 млн теңге алдық, үш күн ішінде көліктің несиесін жаптым. Әкімдікке барғанымызды Ұлдананың туыстары білді. Банкте оның несиесін бірден айтпады. Айына 210 мың төлеп тұрған екен. 9 млн теңге несиеге, 4,5 млн теңгені ата-анасына қайтардық. Қалғаны шағын шығындарға кетті, Құран оқытып қой сойдық», - деді Әділет Зейнел.
Ол ешкімге кінә тақпайтынын, Ұлдана Мырзуан өз ісін сүйгенін айтты.