«Әзіл деп ойладым, анам хабарласқан соң ғана сендім»: Ұлдана Мырзуанның экс-күйеуі сотта сөз сөйледі

Ол оқиғаның мән-жайын айтты 

«Әзіл деп ойладым, анам хабарласқан соң ғана сендім»: Ұлдана Мырзуанның экс-күйеуі сотта сөз сөйледі
Фото: Сот отырысынан скриншот

Астана қалалық сотында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты соттың екінші отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жәбірленуші ретінде марқұмның экс-күйеуі Әділет Зейнел сөз сөйледі. 

«8 қарашада біз Қосшыдағы үйімізден шығып жұмысқа шықтық. 07:30-да әркім өз жұмысымызға кеттік. Сағат 10:00-де маған хабарласып, әйелім ауруханада жатқанын айтты. Мен оны әзіл деп ойладым. Себебі оған дейін екеуміз сөйлескен едік. Кейін маған анам хабарласып, Ұлдана айығу палатасында жатқанын айтты. Себебі анам сол ауруханада жұмыс істейтін», - деді Әділет Зейнел. 

Зейнел прокурордың сұрақтарына жауап берді. Оның айтуынша, 13 тамызда үйленген. Ал Ұлдана Мырзуанмен олар қыркүйек айында отау құрған. 

«Мен Ұлдананы ауруханада көргенде басы, денесі түгел қан болды. Дәрігерлер өз жұмысын істеп жатты. Әшекейлерін шешті. Басының қасында кірпіш қалдықтары, кондиционердің бөлшектері болды. Оған ота жасаған соң оқиға орнына бардым. Онда кірпіш қана жатты. Кондиционер қалдықтарын байқамадық. Ұлдана сол қалпы есін жиған жоқ. Көзін ашпады. Тек саусақтарын ғана қозғады. Ауруханада 10 күн жатты. Біз жақын туыстарымызбен бірге ауруханада оның оянғанын күттік. 18 қарашада мен несие төлеуге кеткенде, жансақтау бөлімінен хабарласып, органдары жұмыс істемей жатқанын айтты», - деді Әділет Зейнел.

Әділет Зейнел дәрігерлер оған хабарласып Ұлдананың үстіне қасбет құлағанын айтып, хабарласқанда сенбей, қоя салған. Тек анасы хабарласқанда бірақ сенген.

Айта кетерлігі, 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан Астанада тұрғын үй ғимаратының қасбеті құлаған кезде зардап шеккендерге көмек көрсетуге ұмтылып, ауыр жарақат алған болатын. Кейін ол ауруханада көз жұмды.

2025 жылғы 8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы құлап, бірнеше адам үйінді астында қалған болатын. Оқиға орнына алғашқы болып жеткендердің қатарында жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан да болды. Зардап шеккендерге көмек көрсету кезінде ғимараттан кондиционердің сыртқы блогы үзіліп түсіп, Ұлдана мен оның әріптесінің басына тиген. Сол қайғылы оқиға салдарынан жалпы бес адам түрлі жарақат алды.

Жас маман он күн бойы жансақтау бөлімінде өмір үшін арпалысты. Дәрігерлер қолдан келген ем-домның бәрін жасағанымен, 2025 жылғы 18 қарашада 23 жастағы Ұлдана Мырзуан қайтыс болды. Сол күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның ерлігін жоғары бағалап, марқұмды «Ерлігі үшін» медалімен марапаттау туралы шешім қабылдады.

Кейін Астанадағы медициналық колледждердің біріндегі оқу аудиториясына Ұлдана Мырзуанның есімі берілді. Бұл шешім оның қызметтік борышын өтеу кезінде көрсеткен жанқиярлығы мен кәсібіне адалдығына көрсетілген құрмет ретінде қабылданды.