$ 495.28  538.32  5.77
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Жабық қалашықта тұрып, ID-код арқылы кіріп-шығамыз»: Сауд Арабиясына көшкен қазақ қызымен сұхбат

Ол жергілікті мектепте мұғалімнің көмекшісі болып жұмыс істейді

«Жабық қалашықта тұрып, ID-код арқылы кіріп-шығамыз»: Сауд Арабиясына көшкен қазақ қызымен сұхбат

Қазақстандық Мөлдір Қарабаева Сауд Арабиясындағы Кауст деп аталатын жабық қалашықта тұрады. Онда Патша Абдуллаһ атындағы ғылыми-технологиялық университет орналасқан. Қалашыққа аталған ЖОО-ның студенттері және сонда жұмыс істейтін мамандар ғана кіре алады. Жолдасының жұмыс бабымен көшіп барған отандасымыздың өзі де жергілікті мектепте қызмет істейді. Ол араб еліне келгелі өмірінің жаңа бағытқа бұрылғанын айтады.

Azattyq Rýhy тілшісі Мөлдірмен сұхбаттасып, жабық қалашықтағы өмірі, араб халқының ішкі мәдениеті және қарапайым халыққа жасалған жеңілдіктер жайында сұрап білді.

Мөлдірдің өзі Оңтүстіктің тумасы. Үш ұлдың анасы.

«Өзім Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданында дүниеге келгем. Сол жерде 8-сыныпқа дейін оқып, отбасымызбен Алматыға көшіп келдік. Алматыдағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін бітірдім. Үйде төрт ағайындымыз. Үйдің кенжесімін. Атырау өңіріне тұрмысқа шықтым. Қазір жолдасыммен Сауд Арабиясындағы Кауст деп аталатын қоршалған, жабық қалашықта тұрамыз. Жолдасым Абдуллаһ атындағы техникалық университетте ғылыми жұмыстармен айналысады. Өзім сол қалашықтағы мектепте мұғалімнің көмекшісі болып жұмыс істеймін», - дейді Мөлдір Қарабаева.


Патша Абдуллаһ атындағы ғылыми-технологиялық университет

Отандасымыз өзі жұмыс істейтін мектептегі білім жүйесіне тоқталды.  

«Өзімнің негізгі мамандығым – педагог. Ағылшын-түрік тілі мамандығын бітіргенмін. Біздің қала тұрғындарының бәрі ағылшын тілінде сөйлейді. Мен жұмыс істейтін мектеп халықаралық болғандықтан әлем бойынша халықаралық мектепке сай білім жүйесін ұстанамыз. Сабақ IB жүйесі бойынша өтеді. Балаларда толық еркіндік бар. Үлкен балам үшінші сынып оқиды. Оларда әлі күнге дейін жеке-жеке парта жоқ. Барлығы бір дөңгелек үстелде, қаласа жерде отырып оқи береді. Бастысы – балалар білім алу барысында ешқандай қолайсыздық сезінбеуі керек», - дейді ол.

Мөлдір Кауст қалашығына алғаш келген сәтін еске түсірді. Тұрғындармен тіл табысу барысында ешқандай қиындық болмаса да, жабық қалашықтағы өмір өзгеше дейді отандасымыз.

«Біз тұратын қалашық халықаралық орын болғандықтан араб тілін аса қатты қажет етпейді. Десе де, басқа ұлтқа қарағанда арабтардың саны басымырақ. Сол үшін тілді білгеніміз өзімізге жақсы. Олар ағылшынша сөйлейді, түсінеді. Тіл табысу жағынан қиындық болған жоқ. Тілді әлі де үйрену үстіндеміз. Араб тіліндегі әріптер ешбір елдің алфавитіне ұқсамайды, өз ерекшелігі бар. Бұл тілде жақсы сөйлей алмасам да, әріптерін танимын», - дейді қандасымыз.

Мөлдір Саудияға көшпей тұрып ас үйдің қыр-сыры жайлы блог жүргізіп, әлеуметтік желіде танымалдылық алған. Оның әрбір жазбасын, видеороликтері мен кеңестерін оқырмандары асыға күтеді екен.

«Instagram-да блог жүргізуді 2015 жылдан бастап қолға алдым. Әлеуметтік желіде ас үй блогын жүргізіп танылдым десем болады. Оқырмандарымның басым бөлігі ас үй ханымдары. Сондықтан олар түрлі тағам пісіріп, рецептпен бөліскенімді күтеді. Ал, осы жаққа көшіп келгеннен кейін оқырмандарымның мен тұрып жатқан елге, жалпы шетелге деген қызығушылығы бар екенін байқадым. Сауд Арабиясының қалалары немесе өзге елге барсам сол елдер туралы ақпаратпен бөлісемін, оқырмандарыма ұнайды, көбірек ақпарат беруімді өтінеді», - дейді Мөлдір Қарабаева.

Ол араб дәстүріндегі қазақтарға келетін ұқсастықтар, той өткізу тәртібі мен жергілікті халықтың мәдениеті туралы да айтып берді.

«Арабтардың қыз ұзату сәтінде бізге ұқсас белгілерді байқауға болады. Қыздың артынан баратын сыйлықтар және қалыңдыққа берілетін сый-сияпат біздікіндей. Бірақ, оларда той өткізудің өзіндік тәртіптері бар. Тойда ерлер мен әйелдер бөлек тойханада отырады. Әйелдер көшеде киетін ұзын, жабық киімдерін тастап, қалауынша ашық көйлек кие алады. Себебі, әйел адамдар отыратын тойханаға еркек атаулысы жоламайды.

Сондай-ақ, қыз ұзатарда қыздың әкесінің қоятын бірнеше талабы болады. Соған күйеу жігіт қол қойып, келісім арқылы қалыңдығын алып кетеді. Көбіне, жігіт пен қызды өз туыстары, жақындары таныстырады. Ағайындары атастырып, қалыңдық тауып береді. Осындай ұстанымдары бізге келеді.

Араб халқы өте мейірімді. Әсіресе, балаға ерекше құрмет көрсетеді. Көшеден кішкентай бала көрсе, өтіп бара жатқан тұрғындар міндетті түрде күліп амандасып, тәттілерін беріп кетеді. Әсіресе Мекке мен Мәдина қалаларына барсаңыз адамдары жылы жүзді, танымаса да әңгімелесіп, балаларымызды еркелетіп, туысыңдай қарым-қатынас көрсетеді. Мұндағы қарапайым тұрғындардың басты ерекшелігі – мейірімділігі», - дейді отандасымыз.

Кауст жабық қалашық болғанымен тұрғындарға жоғары деңгейде жағдай жасалған. Ай сайын алатын жалақы мен жеңілдіктер көңіл толтырады дейді Мөлдір ханым.

«Біздің қалашық жабық болғандықтан Каустта тұратын адамдар ғана қалаға кіре алады және тұрғындардың шақыртуымен ағайын-туыстары келуге болады. Қалаға арнайы ID-код арқылы кіріп-шығамыз. Қарапайым қала тұрғындарына көп жағдай қарастырылған. Мысалы, спорт залдары тегін. Жыл он екі ай жаз болғандықтан жағажайға да тегін барамыз. Халықаралық мерекелердің әрбірін атап өтеміз. Бұл жерде тұрғындардың көбі біз секілді сырттан келген. Кейбірі келісімшарт бойынша жұмыс істейді. Қара жұмысты істейтіндердің көбі Филиппин елінен келген.

Патша Абдуллаһ ғылым-технологиялық университетіне студенттерді магистратурадан бастап қабылдайды. Жалақы біздің елге қарағанда бірнеше есеге жоғары. Рамазан айында жұмысшыларға өте көп жеңілдіктер қарастырылған. Қасиетті ай біткенше кім болса да жарты күн ғана жұмыс істейді. Айт мейрамында 10 күн демалады. Айт мерекесін дүркіретіп атап өтеміз», - дейді ол.

Мөлдір ұлдарының екі тілде еркін сөйлейтінін айтады. Айнала түгел ағылшынша сөйлесе де, олардың отбасында мәртебе қазақ тіліне берілген.

«Үйде тек қазақ тілінде сөйлейміз. Сауд Арабиясына келгенде үлкен ұлым төрт жарым жаста болды. Тілі қазақша шығып келді. Қазақ тілін жақсы сөйлейді. Екінші ұлым бір жарым жаста болды. Оны бірден балабақшаға бердік. Тілі ағылшынша шықты. Десе де, қазақша түсінеді, сөйлей алады. Ал, үшінші ұлымды осында босандым. Жазғы демалыста алды-артымызға қарамай Қазақстанға келеміз. Балалар жаз бойы қазақша сөйлеп, тілді жақсырақ меңгеріп келеді. Өзге елде жүргендіктен балаларымның қазақ тілде сөйлеуін қадағалап отырамын. Сауд Арабиясында қанша уақыт тұратынымыз әзірге белгісіз», - дейді Мөлдір Қарабаева.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары