$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Бәйшешек»: сирек кездесетін дертті жеңген алматылық жас жазушының кітабы жарық көрді

Аталған кітап қазір Лондонда ағылшын тіліне аударылып жатыр

«Бәйшешек»: сирек кездесетін дертті жеңген алматылық жас жазушының кітабы жарық көрді
Фотолардың авторы Әсет Құндақбаев

Өнербаевтар әулетінен шыққан 21 жастағы алматылық Жәмилә Бақтиярқызы 10 жасынан бастап сирек кездесетін аутоиммундық миастениямен (жүйке бұлшық еттерінің әлсіздігі) ауырған. Аталған дертпен 8 жыл күрескен бойжеткен 20 жасында ауруын толықтай жеңіп шығады. Бұлшық еттері қатайып, қолына қалам ұстай алатындай жағдайға жеткен күннен бастап ол сирек кездесетін аурумен қалай күрескенін, аталған жолда өзіне демеу болған, рух берген жақындарының бастан өткерген қиыншылықтары туралы жаза бастаған.

Өткен апта Алматыда жас журналистің күнделік негізінде жазылған кітабының қазақ және орыс тіліндегі тұсаукесері үшінші рет өтті. «Бәйшешектің» ағылшын тіліндегі нұсқасы қазір Лондонда аударылып жатыр.

ЖӘМИЛӘНІҢ ДИАГНОЗЫН ЕКІ ЖЫЛ БОЙЫ БІРНЕШЕ ЕЛДІҢ ДӘРІГЕРЛЕРІ ТАППАҒАН

Тұсаукесерге қатысқан Azattyq Ruhy тілшісі жас жазушымен сұхбаттасып, ерекше шығармашылығы, болашақтағы жоспарлары жайлы әңгімелесті.

«Мен ата-анамның ерке қызымын. Үйдің түңғышы ағам және кенжесі менмін. 10 жасыма дейін сап-сау болып, ән-би курсына қатысып, шауып жүрген бүлдіршін едім. Бір күні күтпеген жерден бір көзімнің қарашығы төбеге қарап, ауырып қалдым. Содан ата-анам мені бірден окулистке апарады. Бірақ оның берген емдомынан ешқандай пайда болмады. Біраз аурухананың есігін тоздырдық, отандық дәрігерлердің ешқайсысы нақты диагноз қоя алмады. Содан амалы таусылған ата-анам мені Мәскеуге апарды. Өкініштісі, ол жақтағы дәрігерлер де маған ешқандай диагноз қоя алмады. Осылай жүргенімде 11 жасқа жетіп, әкемнің жұмысына байланысты астанаға көштік. Екі жыл бойы қатты ауырып, бүкіл бұлшық етім әлсіреп, сөйлеуден қалдым. Осы жылдар аралығында мені Америка, Израиль, Мәскеуден келіп ең мықты деген дәрігерлер емдеді. Бірақ ауруымның себебін ешкім анықтай алмады», - деді Жәмилә.

Осылайша үйден сабақ оқып, үйден ем алып жатқан қыздың диагнозын екі жылдан кейін ғана елордалық невропатолог тапқан.

«12 жасымда астанадағы республикалық Ұлттық нейрохирургиялық орталықта істейтін еліміздің бас невропатологы Алма Жүсіпова мені өзі қабылдап, бір екпе салды. Сол екпеден кейін бес минуттан соң көзім ашылып, сөйлеп, күш жинағандай болдым. Осы екпе арқылы менің бұлшық еттерімнің әлсіреп кеткенін анықтай отырып, ауруымның диагнозы анықталды. Бірақ 13 жасымда тыныс алу бұлшық еттерім нашарлап, бірнеше ай бойы өкпені жасанды желдету аппаратында жаттым. Ақыр соңы мұның бір ғана емі – айыр безді (вилочковой железаны) алып тастау керек деген шешімге келді. Мұндай отаны елімізде қабырғаны тесіп жасайды екен. Ал Кореяда кеудені тесіп, арнайы құрылғылар арқылы алып тастайды. Мен өте әлсіз болғандықтан Кореяға бара алмадым, бірақ Денсаулық сақтау министрлігінің көмегімен кореялық дәрігерлерді елге алдырдық. Ол кезде аурухананың басшысы қазіргі Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой еді, сол кісінің көп көмегі тиді. Министрліктің арнайы шақыртуымен Кореядан білікті профессор, төрт көмекшісімен бірге келіп, бес сағат ота жасады», - деді кейіпкеріміз.

СЕНІМ. ЖЕҢІС ЖОЛЫНДАҒЫ КҮРЕС

Жәмиләнің айтуынша, аталған дерттен бірден жазылып кету мүмкін емес. Ол үшін біраз жыл қажет.

«Аурудың антиденелерінен қан толықтай тазаруына бірнеше жылдар керек болды. Өткен жылдың қараша айында кезекті тексеріске барғанымда «ешқандай өзгеріс жоқ, жазылдыңыз» деді. Осы бір ауру арқылы мен дәрігерлер мен медбикелердің ерен еңбегін, денсаулықтың қадірін, күнделікті қарапайым ғана қуаныштың қадірін бағалап үйрендім. Жеті жыл бойы «калимин» деген дәріні ішкен сайын «соңғысы осы болса» деген бала тілегіме де жеттім. Әлемде қанша адам болса, сонша тағдыр бар ғой. Айықпас дертпен күрескен кішкентай бүлдіршіндер, ересектер қаншама?! Осы бір кітабым өмір мен өлімнің ортасында күресіп жүрген бір науқастың болсын рухына дем беріп, өзіне деген сенімін арттырса деймін», - деді Жәмилә.

Әңгіме барысында Жәмилә елімізге белгілі әнші Нұрлан Өнербаевтың үлкен әкесі екенін және рухани тұрғыда сол кісінің көп қолдау білдіргенін атап өтті.

«Менің бұл дертті жеңіп шығуыма жарқын болашаққа сенімім, ата-анам, туған-туыстарымның қолдауы себепші болды. Нұрлан Өнербаев ағам мен жары екінші ата-анамдай болып, рухани тұрғыдан үлкен демеу болды. Қандай жағдай болмасын, үнемі маған барлық жағынан қолдау білдіріп отыратын. Әсіресе, мұндай кезде материалдық көмектен бұрын, рухани қолдау көбірек жанға дауа береді. Қарап отырсам, төсек тартып жатқан кезде өзімнің студенттік өмірімді ешқашан аурумен елестетпеппін. Ересек Жәмилә қолында қаламы мен камерасы бар журналист, достарының ортасында ашық-жарқын жүрген балауса қыз деп қана армандайтынмын. Осы бір бала арман, ішкі түйсік болашақта мені үлкен жеңіс күтіп тұрғанына сенді. Әр адамның өмірінде өз бәйшешегі болады. Байқасаңыз, бәйшешек ерте көктемде қара топырақты ең бірінші болып жарып шығады да, мықтылығы мен өжеттілігін көрсетеді. Үміттің нышанына айналған «Бәйшешегімді» осы жолда жанымнан табылған ата-анама, дәрігерлерім мен ұстаздарыма, ағайын-бауырларыма және достарыма арнаймын. Қазіргі сынаққа толы заманда жарқын болашаққа деген әр адамның үміт шырағы сөнбесе екен», - деді жас жазушы.

«БҮГІНГІ КҮННІҢ МАХАББАТ ҚЫЗЫҚ, МОЛ ЖЫЛДАРЫН ЖАЗҒЫМ КЕЛЕДІ»

Жәмилә болашақта қазақ тіліндегі заманауи романтикалық кітаптардың авторы болғысы келетінін айтты. 

«Әл-фараби атындағы қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдағанмын. Биыл астанаға барып, журналистика саласында жұмыс істеуді жоспарлап отырмын. Одан бөлек, қазақстандық жастар түрлі шетелдік романтикаға толы кітаптарды қызыға оқығанмен, отандық авторлардың романдары некен-саяқ екенін байқаймын. Еліміздегі кітаптардың басым бөлігі мотивациялық, психологиялық болып кеткен. Өзіміз өмір сүріп жатқан ортаның махаббат хикаясын жазатын жазушы болсам деген жоспарым бар. Бос уақытымда өлең жазамын, курстастарыммен бірге өзіміздің YouTube-арнамызға контенттер жасаумен айналысамын», - деп аяқтады ол әңгімесін.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#әдебиет #жазушы