55 жыл отасқан жұп: ғылым, махаббат және отбасылық құндылықтар туралы
Қарттардың метрода түскен фотосы бірер ай бұрын Қазнетте қызу талқыға түскен болатын
Осыдан бір ай бұрын алматылық қос қарияның метрода түскен фотосы қазақстандықтарды сүйсіндірген болатын. Аzattyq Ruhy тілшісі отасқанына 55 жыл болған белгілі ғалымдардың үйіне барып, ғылым-білім, махаббат, бақытты отбасылық өмірдің құпиясы туралы әңгімелесіп қайтты.
МЕТРОДАҒЫ ФОТОСЕССИЯ ЖОСПАРСЫЗ БОЛҒАН
Раушанбек ата мен Меруерт апайдың танымал болған фотоларын фотограф Асқар Бумага түсірген. Метродағы осынау фотосессия алдын ала жоспарланбаған.
«Сол күні Меруерт екеуміз қонаққа бара жатқан едік, содан бұл кісі метроны бір-ақ рет көргенін айтып, бірге аралауды ұсынды. Солай метроның ішін аралап, орындықта демалып отырғанымызда жанымызға бір жігіт пен қыз келді. Өздері де сол кезде біз сияқты қарт адамдарды іздеп жүрді-ау. Содан біздің жасымызды, фотоға түсіруге рұқсат сұрады. Осылайша күтпеген жерден «жұлдыз» болып кеттік», - дейді Раушанбек Бұрамбайұлы.
Отау құрғанына 55 жыл болған жұбайлардың екі ұл, бір қыздан жеті немере, екі шөбересі бар. Раушанбек Бұрамбайұлы – философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының мүшесі. Қазақстанның Білім беру ісінің үздігі. Меруерт Асқарқызы – физика-математика ғылымдарының докторы, 10-нан аса кітаптың авторы.
БАЛАЛАРЫ ДА, НЕМЕРЕЛЕРІ ДЕ «БОЛАШАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫМЕН ШЕТЕЛДЕ БІЛІМ АЛҒАН
Бүгінде 82 жасқа келген Раушанбек Бұрамбайұлы Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетте жас ғалымдарға кеңес берумен айналысады. Ал, 75 жасқа келген Меруерт Асқарқызы зейнетке шығып, немерелерімен уақыт өткізуді таңдаған.
«Екі ұлым да, қызым да ғылыммен айналысады. Балаларымыз да, немерелеріміз де «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде оқуларын жалғастырды. Мен әлі күнге дейін ғылыммен айналысып келемін. Колбиннің кезінде партиялық жұмыста болдым. КИМЭП-те кафедра бөлімінің меңгерушісі болдым. 1994 жылдың желтоқсан айынан 1995 жылға дейін президент кеңесшісі қызметін атқардым. Артқа сәл шегінсек, 1962 жылы әскерді бітіріп, Киев университетінің философия факультетіне жолдама арқылы оқуға түстім. Закавказье округінде әскери қызметімді аяқтаған соң, жолдама арқылы Киевке оқуға келдім. Ол кезде философия факультеті МГУ-де, Киев университеті мен Ленинградта ғана бар болатын. Алдымен МГУ-ге барғым келді, бір жағынан Қазақстанға да келгім келді. Бірақ таңдауым Киев университетіне түсті. Университеттің 4-курсын аяқтағаннан кейін Қызылордаға келіп, Меруертпен таныстым», - деді кейіпкеріміз.
АЛҒАШҚЫ ТАНЫСТЫҚ ТУРАЛЫ
Оқуды аяқтағанға дейін бірі Киевте, енді бірі Қызылордада телефон арқылы тілдесіп, хат-хабар алмасып, байланыстарын үзбеген. Ауылға келгеннен кейін жігіт Раушанбек бірден сүйіктісіне ұсыныс жасайды. Біраз уақыттан кейін жаңа түскен келін күйеуін қайтадан Киевке аспирантураға аттандырып, өзі қайын жұртымен бірге ауылда қалады.
«Отбасылық өмірде қиыншылықтар болды. Оқуын аяқтаған соң, бірден ауылға барып мектепте мұғалім болдым. Рекең бакалаврды аяқтаған соң, Киев университеті аспирантурада оқуды ұсынған. Аспирантураға шақырту алғанда менімен келіп ақылдасты. «Саған ауылда қиын болатын сияқты, жібермесең бармаймын» деді. Алматыға жұмысқа барса дайын тұрған пәтеріміз жоқ, айлығы да аз. Сосын мен ойлана келе: «Сен оқуыңды жалғастыра бер, мен қанша қиын болса да шыдаймын» дедім. Ауылдағы үйде бұл кісінің әке-шешесі, төрт бауыры болды. Олардың барлығы мектепте оқиды. Қайыненем баламен үйде, қайын атамыз зейнеткер, алатын ақшасы небәрі 20 cом ғана. Үйді асырау менің мойныма жүктелді. Екі ставкада жұмыс істедім, айлығымды енемнің қолына тиынына дейін санап әкеліп беремін. Бір жарым жылдан кейін Рекең ауылға демалысқа келгенде, мені ертіп әкетіп Киевті, Харьковті, Мәскеуді көрсетті. Мен ауылда тұрып біраз қарайып қалдым деп едім, Рекең: «Міне, өзіңдей ауылдан келіп, оқуға түсіп жатқан жастармен сөйлес. Сен солардан кем емессің» деп өзбек студенттерін көрсетті. Біразымен сөйлессем, білім деңгейім олардан жоғары сияқты, содан мен де аспирантураға оқуға тапсырдым. Отағасы оқуды менен бір жарым жыл бұрын аяқтап, Алматыға арнайы шақыртумен жұмысқа келді. Мен Киевте қалдым», - деді Меруерт Асқарқызы.
ОТБАСЫ БАҚЫТЫНЫҢ СЫРЫ
Отау құрғанына жарты ғасырдан асқан жұптың бір-бірін атымен атамайтынын байқадық. Меруерт апай күйеуін «Реке», «отағасы» десе, атамыз телефонмен хабарласып, сұхбатқа шақырғаннан-ақ, апайды «хозяйкам» деп еркелететінін түсіндік.
«Біз Меруерт екеуміз тату болдық. Сосын әр уақытта бір-бірімізді қабағымыздан түсінеміз, мені қандай жағдай болсын қолдап жүрді. Кейбір жерде ауырлықты өзіне алған сәттер де болды. Меруерт аспирантура оқып жүргенде барлық ауырлықты мен мойныма алып, диссертациясын қорғауға көмектестім, барынша қолдау білдірдім. Күні бүгінге дейін біз бір-бірімізге қолдау білдіруден тайған емеспіз. Қажет кезінде тоқтауымызды айтып отырамыз. Қуанышты да, қайғыны да бірге бөлістік. Ауылда оған үлкен кісілермен, қайындарымен менсіз бірге тұру қиын болды. Бірақ мен үшін бәріне шыдап, бәріне көнді. Менің университет бітіруім де, аспирантурамды оқып, докторлық деңгейге жетуімде жарымның арқасы. Егер, Меруерт жағдайымды жасап, қолдау білдірмегенде мұндай жетістікке жетуіме екіталай еді. Кез келген лауазымды қызметте де маған тірек, ақылшы болды. Бірақ еш уақытта менің жұмысыма белсене араласпайтын, мен де мұның кәсіби қызметіне араласпадым. Меруерт он шақты ғылыми кітап жазды. Ол уақытта мен өз тарапымнан бар қолдауымды білдіріп отырдым», - деді Раушанбек ата.
Меруерт апай болса ыдыс-аяқ сылдырамайтын отбасы некен-саяқ, бірақ жұбайлардың бірі ашуға салынып, оттай жанған кезде екіншісі судай басылғаны дұрыс дейді.
«Алматыға келгеннен кейін де ауылда өскен төрт қайнымды оқыттық, оларды оқытқаннан кейін келіншектерін де тең жүрсін деп оқыттық. Қайын атам қайтыс болғаннан кейін апамыз үйге жиі келіп тұратын. Үлкен кісілердің сынына, кей сөздеріне аса қатты мән бермейтінмін.
Жалпы, адам кешірімді болу керек. Жаңа отбасыға жаңа адамның психологиялық тұрғыда үйлесіп, сіңісіп кетуі қиын. Бұрын заман басқаша болды, қазір енді екі тарап та бар жағдайға түсіністікпен қарауы керек. Сыйластықтан асқан не бар?! Байқасам, қазіргі жастар бір-бірінен асып түскісі келеді. Сол себепті бірі ашуланғанда екіншісі басылып, сөз таластырмай, кешірімді болуға үйрену керек. Менің жолдасым да қызба болды. Қатты кетіп бара жатқанда ақырын ғана «отағасы қойыңыз» деп қоятынмын.
Сосын туған-туыстар жас отбасылардың өміріне араласпаулары керек. Қажет кезде ақылын айтсын, бағытын көрсетсін. Бірақ бір-біріне қарсы қою, таңдау еркіндігіне ықпал ету – артық іс. Қай заманда да жас буын мен үлкен буынның көзқарасында айырмашылық болатыны даусыз. Сол жастардың өзіндік көзқарасына үлкендер түсіністікпен қарап, заманға қарай ілесіп, бейімделе білуі тиіс. «Біздің айтқанымызбен жүріп-тұр, біздің кезде басқаша болған» деу артықтау», - деді Меруерт апай.
ЖІГІТТЕРГЕ КЕҢЕС
Сөз соңында профессор жігіттерге кеңесін айтты. Оның пікірінше, әр ер адам мүмкіндігінше әйелін оқытуы керек.
«Біздің бақытымыз да, денсаулығымыздың дұрыс болуы да – балаларымыздың бақытты болуымен тікелей байланысты. Балалар татулықта, амандықта болса біздің де көңіліміз орнында, көңілі тоқ адамның денсаулығы жақсы болады. Жастар еңбекшіл, кешірімшіл болыңыздар! Алдыңызға жақсы жоспар қоюды ұмытпаңыздар! Жігіттер, мүмкін болса әйелдеріңізді оқытыңыздар, бірге дамыңыздар. Байқаймын, қазір көп жігіт бар жауапкершілікті әйелдің мойнына артып қойған. Әйел кешегі қызың, бүгінгі жарың, балаларыңның анасы емес пе?! Білімді әйелден ғана – білімді ұрпақ шығады. Осыны есте сақтаңыздар», - деді Раушанбек Бұрамбайұлы.
Айжан Бақдаулетқызы, Алматы
Фото: Асқар Бумага, Әсет Құндақбаев