Ерекше балам үш жыл таяқ жеп келген: оңалту орталығының тәрбиешісі айыппұлмен құтылып кетті (ВИДЕО)
Ол әділ сот өтуін талап етіп отыр
Атырау облысының тұрғыны Альбина Ищанова екінші топтағы мүгедектігі бар баласы Абдул-Әзиз Әлібиұлын тәрбиешісінің ұруына қатысты әділдік талап етуде. Анасының айтуынша, видеожазбаларда баласына дауыс көтеріп, физикалық тұрғыдан зиян келтірген тәрбиешінің ісі сотта өте жеңіл жазамен аяқталған. Редакциямызға жүгінген ана осылай деп ішіндегі жанайқайын жеткізді, деп жазады Azattyq Ryhy.
Құрманғазы ауданының тұрғыны Альбина Ищанова былтыр болған оқиға үшін әлі де әділдік іздеп келе жатқанын айтты. Қазір баласының жағдайы бойынша Астанадағы жеке клиникада ем қабылдап жатыр.
«Құрманғазы ауданындағы мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығына барып жүргенімізге үш жылға жуықтады. Сол бірінші күннен бастап балам таяқ жеп жүріпті. Балам қорқақ бола бастады. Не істесе де, қолын-бетін тырнап, үрейленіп, жылап жүретін болды. Көп ұзамай маған ата-аналардың бірі үш видео жіберді. «Осы видеодағы бала сіздің балаңыз емес пе?» деп. Видеоларды қарасам, үшеуінде де менің балам бар. Видеоға түскен тәрбиеші балама дауыс көтеріп, ұрып, жұлқылап, тіпті шешіндіруге дейін барған. Ал бір ер адам видеода баламның жүрісін қайталап, мазақтап тұрған», - дейді Ищанова.
Оның айтуынша, бұл видеолар негізінде ол тәрбиешінің үстінен арызданған.
«Арыз жазғанда сот болады деді, бірақ үш ай жүрдік, іс созылып кетті. Содан кейін мен Атырауда белгілі бір блогерге шықтым. Ол кісі біздің жағдайды жариялап, Instagram-ға салып жіберді. Осыдан кейін ғана іс қозғала бастады. Бірақ мен қайтадан хабарласқан кезде «сот өтіп кетті, онлайн түрде болды» деп айтты. Сонда сот жәбірленуші, яғни бізсіз өткен. Ал видеода балама қол көтерген тәрбиешіге өте жеңіл жаза беріліп, тек айыппұл төлеп құтылыпты. Ал менің балам 2-топ мүгедектігі бар бала»,- дейді ол.
Ашынған ана баласын қорлаған тәрбиеші әділ жазасын алса дейді. Ол тәрбиеші түк болмағандай тағы жұмыс орнына қайтып орналасуынан күдіктеніп отыр.