$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
31.05.2021, 21:13
Кейіпкер

Солтүстік Қазақстан тұрғыны «ләңгі» ойынын жаңғыртып жүр

«Ләңгі» - ұлтымыздың ұмыт болып бара жатқан ойындарының бірі

Солтүстік Қазақстан тұрғыны «ләңгі» ойынын жаңғыртып жүр

Солтүстікқазақстандық Рыспаевтар әулеті ұлтымыздың ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлері мен ойындарын қайта жаңғыртып жүр. Солардың қатарында қазіргі жастардың арасында екінің бірі біле бермеймін – ләңгі ойыны да бар.  Он саусағынан өнер тамған ерлі зайыптылар көнені жаңартып қана қоймай, табыс көзіне ауналдырып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ЛӘҢГІНІ ТАПСЫРЫСПЕН ЖАСАТАТЫНДАР БАР

Арқан есу, ішік тігу, тері илеу, қамшы өру – бүгінгі күні кез келген адамның қолынан келе бермейтін өнер. Тіпті осының барлығы қазіргі заманда ұмыт болып барады. Ал, ләңгінің тіпті не екенін білмейтіндер көп. Солтүстік Қазақстан облысы Булаев қаласының тұрғыны Мейрам Рысбаев ұлтымыздың құндылықтарын қайта жаңғыртып, жастар арасында кеңінен насихаттап жүр.

«Ләңгіні ата-бабамыз ойнаған. Біз де ермек қылдық. Мен үшін ең қызық ойындардың бірі. Оны қазір көпшілік біле бермейді. Ләңгі – доптың орынына пайдаланылады. Доп сияқты тепкілеп ойналады. Оны жасау үшін ертедегі әр қазақтың үйінде кездесетін заттар жеткілікті. Сойылып, жақсылап иленген қой терісі қолдалынылады. Жүні ұзындау болғаны абзал. Сонда ол ауада қалықтап, жерге парашют сияқты жеңіл түседі. Теріні дөңгілете қиып алып, ортасына күміс ақша пішінді қорғасын құймасы бекітіледі. Кәдімгі түйме сияқты. Оның өз стандарды бар – қорғасын қалың болса, тепкенде ұшпайды, жұқа болса – морт сынып кетуі мүмкін. Балалар ләңгіні қызыға ойнайды. Ең бастысы ойыншық таза табиғи материалдардан әзірленеді. Қазіргідей балалардың ұялы телефонына телміргенінен ләңгі әлдеқайда пайдалы», - дейді шебер.

Мейрам Рысбаев ләңгіні кәдесый ретінде сыйға тартады.  Ол шынымен де бағалы тарту. Себебі мұндай бұйым ешқандай дүкенде сатылмайды. Ләңгіні тапсырыспен әзірлететіндер де жоқ емес.

ҰЛТТЫҚ ОЙЫН БАЛАНЫ ЕПТІЛІККЕ БАУЛИДЫ

Уикипедия ашық энциклопедиясында ләңгінің Орта Азия халытқтарының ойыны екені айтылады. Ләңгі пайдаланылатын 10-нан астам ойын түрі көрсетілген. Кей деректерде бартырлар ләңгіні тізе мен аяқты шынықтыру мақсатында тепкендігі жайында жазылған. Кейін ол балалар ойынына айналған.

«Ләңгі-қазақтың көне ойындарының бірі. Ұлттық ойындарымыздың барлығы төрт түлікпен байланысты. Өйткені ата-бабамыз негізінен мал шаруашылығымен айналысты, көшпенді халық болды. 1990 жылдары балалардың ләңгі ойнайтынын көріп жүрдім. Өзім онымен ес білгелі таныспын.  Өміршіл ойын болды. Бірақ қазір ләңгі ойнаған баланы кездестірмейсің. Бұрындары әсіресе көктем кезінде малдың тулығасынан алып, ойнайтын. Ол баланы ептілікке, тепе-теңдік ұстауға үйретеді», - дейді этнограф Айнұр Бейсенғұлова.

ҚЫЛ ДА КӘДЕГЕ ЖАРАЙДЫ

Мейрам Рысбаевтың шаңырағында төрт түліктен алынатын өнімнің ешқайсысы ысырап болмайды. Жылқының қылын да кәдеге жаратып, арқан еседі. Мұндай жіп шірімейді, мықты болады.

«Арқанды есу үшін «бұрама» пайдаланамыз. Үш адам қатар тұрып, қылды орай береді. Орай отыра арқанды тексеріп, қарап отырасыз. Жуындығы мен жіңішкелігін бақылап отыру керек. Әйтпесе арқан біркелкі болмайды. Сосын үш жіпті бұны аяқпен басып, күштеп  тартқан кезде бұралып, арқанға айналып шыға келеді. Әрине, бұның бәрін істеу – білгенге оңай. Меңгерген жанға технологиясы қарапайым. Ал хабарың болмаса, қыл ештеңеге жарамсыз, жай ғана қоқыс болып қалады», - дейді ол.

Мейрам Рыспаев қазақ ауылында туып, бала кезінен жылқы тақымдаған. Әкесімен жүріп, аңшылықтың, тері илеудің қыр-сырын меңгерген. Жастайынан бойына сіңірген әдетін бүгінде кәсіпке айналдырыпты. Соның бірі - түрлі аңардың терісінен киім-кешек тігеді. Түлкі, қасқыр – тағы басқа аңдардың терісі жылы ішікке айналады. Мұндай киімнің сапалы әрі жылы болары анық.

«ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ДӘРІПТЕУ ПАРЫЗ...»

Он саусағынан өнер тамған шебер арқан есу, тері илеу, қамшы өруден бөлек ағаштан түрлі бұйымдар жасайды. Ал, оларды Мейрам ағаның жұбайы Әлия ханым қаптап, түрлі ою-өрнекпен безендіреді. Сонымен қатар той-томалақтарға қалта, құрақтан көрпе-төсек тігеді.

«Шешем марқұм тігінші болды. Бала көргенін істейді демекші, сол кісінің қасында отырып іс тігуді үйрендім. Мектеп бітірген соң тігінші мамандығына оқуға түстім. Оқуды тәмамдаған соң 7 жыл фабрикада жұмыс істедім. Қазір міне үйде тапсырыс қабылдаймын. Әсіресе қыз жасауын алатындар көп. Ерінбесең – әр нәрсенің ебін табуға болады. Тек еңбектену керек. Білген соң, ұлттық өнерімізді осылай дәріптеу керек. Қазақтың әр дәстүрінде қаншама сыр, философия, табиғатпен үндестік жатыр», - дейді Әлия Рыспаева.

Ерлі зайыптылар бұл іспен пайда табу үшін емес, бірінші кезекте қазақтың ұлттық салт-дәстүрін жаңғырту үшін айналысатынын жеткізді. Отағасы алдағы ауақытта бүркіт баптамақ. Өйткені құсбегі болу бала кезгі арманы.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#СҚО