$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.06.2021, 14:52
Кейіпкер

«Жастардың мәдениеті төмен». 20 жылдан бері көше тазалап жүрген Салтанат пен Бақыттың әңгімесі

Кейіпкерлер экологиялық мәдениет, адал еңбек жайлы пікірін айтты

«Жастардың мәдениеті төмен». 20 жылдан бері көше тазалап жүрген Салтанат пен Бақыттың әңгімесі
Коллаж

«Астана Тазалық» ЖШС жұмысшыларының басым бөлігін зейнет жасына жақындаған жандар құрайды және олардың қайсысы болмасын кемі 10 жылдан бері қызмет етіп жүрген адамдар. Жазда аптап ыстықтың астында, қыста қақаған боранға қарамай, аяздан жалтармай жұмыс істейтін қызметшілердің еңбегі қоғамда қатты бағалана бермейді. Тіпті, оларға дөрекілік танытып, құрметсіздік көрсететіндер де бар.

Azattyq Rýhy тілшісі елорда көшелерінің қыста қарын күреп, жазда қоқысын тазалайтын жұмысшылардың күнделікті тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Олармен жалақы мәселесі, адамдардың тазалық мәдениеті мен адамгершілік құндылықтары жайында әңгіме құрды.

«ӨЗІМ ОҚЫМАДЫМ, БІРАҚ БАЛАЛАРЫМНЫҢ БІЛІМ АЛУЫ ҮШІН БАРЫМДЫ САЛДЫМ»

59 жастағы Салтанат Наусарованың тазалау қызметінде жүргеніне 21 жыл болған. Еңбегінің арқасында қарапайым көше сыпырушыдан бригадирлікке дейін көтерілген.  

«Жұмыс таңғы алтыда басталады. Арнайы көлік өзімізге тиесілі көшеге апарып тастайды. Менің тобым әкімшіліктің алдын, Абай көшесін тазалауға жауапты. Бір топқа 13 адам беріледі, оны көше бойынша 2 немесе үш адамнан бөлеміз. Күніне таңғы 6-дан бастап (түскі үзілісті қоспағанда) жеті сағат жұмыс істейміз.

Үлкен еңбек пен шыдамның арқасында қарапайым көше сыпырушыдан бригадирге - бақылаушы қызметіне дейтін көтерілдім. Айлығымыз да өсіп жатыр. Жұмыстың қайсысы болмасын арланбай, ерінбей істеу керек. Себебі, біз маңдай терімізбен адал ақша тауып келеміз. Адал еңбектің наны қашан да тәтті әрі берекелі», - дейді Салтанат апай.

Осыдан бірнеше күн бұрын Тазалық қызметкерлері жалақының аздығын айтып, Нұр-Отан пратиясының кеңсесіне барды. Бұл оқиғаға қатысты пікір білдірген Салтанат Наусарова айлық табысына көңілі толатынын айтып, осыдан екі апта бұрын жалақы 30 пайызға көтерілгенін жеткізді. Одан бөлек, мереке сайын қосымша сыйақы алып отыратынын айтты.

«Жақында жалақымызды 30 пайызға көтерді. Аталған өзгеріске толық қанағаттандық. Біздің жұмыс үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жазда көшенің қоқыстан таза болуы, қыста қар күреу - біздің мойынымызда. Мереке күндерінде арнайы сыйақы беріледі. Биыл қазан айына қарай айлық тағы көтеріледі деп жоспарлануда. Шамамен 155-156 мыңдай аламыз деп отырмыз», - дейді ол.

Кейіпкеріміз оқушы кезінде әке-шешесінен айырылып, еңбекке ерте араласқан. Мектепті тәмамдағаннан кейін ЖОО-ға түсуге жағдайы жетпей, қара жұмысқа амалдың жоқтығынан жегілгенін айтады. Ол оқушы шағында дәрігер болуды армандаған.

«Өзім Талапкер деген жерденмін. 1979 жылы 10 жылдық мектепті аяқтадым. Әке-шешемнен 13 жасымда айырылып, ата-әжемнің қолында қалдым. Оқуымды ары қарай жалғастыра алмадым. Мектеп кезінде дәрігер болуды армандайтынмын. Біздің кезімізде дәрігер мамандығына түсіп, білім алу қиын болды.

Жұмыс істеп, пайда табу керек болғандықтан алғашқыда бақшада шөп жұлдым. Кейін осында ауысып тұрақтап қалдым. Үйде төрт ағайындымыз. Екі ағам және інім бар. Қазір әрқайсысы өз күнін көріп жүр. Десе де, өткеніме өкінбеймін. Бастысы - балаларымды адал еңбегіммен асырап, аяқтандырғаныма қуанамын.

Екі балам бар. Жолдасым қайтыс болған. Үлкен ұлымнан екі немере бағып отырмын. Ал, кішісі әлі жұмыс істейді. Аллаға шүкір, балаларым университет бітіріп, ел қатарлы білім алып шықты. Қазір ақырындап алған білімінің жемісін жеп отыр», - дейді Салтанат апай.

Салтанат апай қазіргі жастардың үлкендерге деген қарым-қатынасына баға беріп, тазалық қызметіне келген жас балалардың ауыр жұмысқа шыдамай, айға жетпей шығып кететінін айтты.

«Жұмыстан бөлек тігін тігіп, көрпе құрағанды ұнатамын. Десе де, күнімнің көп бөлігі жұмыста өтеді. Тазалық қызметінде жұмыс істеп келе жатқалы қоқыстың бәрін қалдырмай жинауға тырысып келеміз. Қазіргі жастар көше сыпыруға намыстанады және жұмыстың ауырлығынан қашады. Бізге келіп, бір айға жетпей жұмыстан шығып кететіндер көп. Әрине, жұмыста қиындық бар. Бірақ, Құдайдың берген қуаты шығар, 21 жылдың ішінде сырқаттанып, жатып қалған емеспін. Денім сау болса, зейнетке шыққаннан кейін де Тазалықта жұмыс істей бергім келеді. Далада жүруге әбден үйреніп алғанмын. Үнемі қозғалыста жүріп қалғандықтан үйде құр отыра алмаймын.

Жалпы, қала тұрғындарына «Айналаға бей-жай қарамайық» дегім келеді. Әркім даланың тазалығын үйінің тазалығындай көруі керек. Үлкендер өздерін таза ұстаса, кішілер де соған қарай ыңғайланады. Тазалық мәселесі әлем бойынша өзекті. Біз өз жұмысымызды істеуден қашпаймыз, тек тұрғындар бізге түсіністікпен қарап, көмек көрсетсе дейміз», - деді Салтанат Наусарова.

«ӨЗДЕРІ ҚУЫП ШЫҚПАСА, ЖҰМЫСТАН КЕТПЕЙМІН»

Бақыт Баярстанова есімді жұмысшының тазалық қызметінде жүргеніне 22 жыл толған. Ол бұрынғымен салыстырғанда қазір жұмыстың әлдеқайда жеңілдегенін айтады. Себебі, арнайы техника бар, айлық уақытында төленеді және ұйыған ұжымы бар.

«Осы мекемеде жүргеніме 22 жылдан асты. Үлкен мегаполисте тұрғандықтан, несие бар, ипотекаға алған үй болады. Соны төлеу үшін жалақының уақытылы болғаны бізді қуантады. Отбасыма жеткілікті, басшылыққа еш ренішіміз жоқ. Еңбек бағаланып жатыр. Қыс айларында екі рет 50 мыңнан және 100 мыңнан сыйақы алып, шала байып қалдық. Негізгі мамандығым - кеңсе жұмысшысы. Жолдасым да осында бригадир болып жұмыс істейді. Екі ұлым бар. Екеуі де жақсы жерде қызмет істейді. Немерелерім бар. Жұмыстан бос уақытымды соларға арнаймын.

1999 жыл мен қазіргі уақытты салыстырсақ, ол кезде айлығымыз небәрі 7 мың теңге еді. Кейін 9 мыңға көтеріліп, одан 18, 27, 100 мыңға дейін көтерілді. Биыл айлығымыз тағы 30 пайызға өсті. Оның үстіне қазір көшенің бәрі асфальт. Бұрын қара топырақты сыпыратынбыз және қоқыс жәшігі адам бойымен бірдей болатын. Техника да аз болды», - деп еске алды Бақыт ханым.

Бақыт ханым бүгінде жастардың тазалық мәдениеті қатты төмендеп кеткенін айттты.

«Жасыратыны жоқ, қазіргі адамдардың мәдениеті өте төмен. Бұрын тәрбие қатты болды ма,  әйтеуір айналаны бүлдіретіндер аз болатын. Ал, қазіргі жастар қай жерде жүрсе де, қоқысын тастап кете береді. «Неге шаштың, қоқыс жәшігі тұр емес пе?» деп ескерту айтсаң, кейбірі «Бұл сіздің жұмысыңыз, өзіңіз жинаңыз» деп дөрекілік көрсетеді. Әрине, ондай жағдайда ренжіп, көңіліміз құлазып қалады. Жастардан бөлек, жас аналар да жан-жағын шашып, шемішке шағып, ыдыс қалдығын тастап кетеді», - дейді ол.

Бақыт 22 жыл ішінде денсаулығы сыр бермей, қайта мықты бола түскенін айтты.

«Тазалықта түрлі жағдайдағы адамдар жұмыс істейді. Ауылдан қатынап істейтіндер бар. Олар таңғы алтыдағы жұмысқа түнгі екіде тұрып көлікпен келеді. Сонда да шағым айтпай, жұмысын тыңғылықты істейді. Біз қалада тұрғаннан кейін таңғы 4-те тұрамыз. Автобус келіп, қажетті жерге апарып тастайды.

Жұмыстағы күн тәртібіне ағзам әбден үйренген. Жәй демалыс күндері де таңғы 4-те тұрып аламын. Түскі тамақты да жұмыс уақытымен бірдей ішемін. Өздері қуып жібермесе, осы жұмыста жүре беремін.

Далада жүргеннен денсаулық нығаяды. Жалпы, көшенің таза болғаны өзіміздің денсаулығымызға көп пайдасын тигізеді. Оның үстіне, жұрт шырт ұйқыда жатқанда жұмысқа шығып, таза ауамен демалғанның өзі рахат. Былтырдан бері емделуге қосымша ақы тағайындалды», - дейді Бақыт ханым.

Кейіпкеріміз көше тазалығына жалпы табиғатқа бей-жай қарайтындарға ақыл-кеңесін айтты.

«Әр адам туған қаласын, жерін жақсы көрсе екен деймін. Өз үйіне қалай жаны ашыса, көшеге де солай қарау керек. Табиғат бәрімізге ортақ. Артық қоқыстан тазартсақ, ағаштардың еркін өсуіне әсер етеміз. Қазақта «Тәрбие - тал бесіктен» деген сөз бар. Балаларды кішкентайынан қайырымдылыққа, еңбекқорлыққа, әсемдікке тәрбиелеп, адамдардың еңбегін сыйлауды, құрметтеуді үйрету керек. Жастар әрдайым саналы, сыпайы, мәдениетті болсын деп тілек білдіремін», - деді Бақыт Баярстанова.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары