Сарыөзекте 75 млн теңгенің әскери нысаны заңсыз сатылып кеткен
Бас әскери прокуратура мәлімдеме жасады
Жетісу облысында прокурорлар теміржолдың бір бөлігінің заңсыз берілгенін анықтап, оны қорғаныс ведомствосына қайтаруды қамтамасыз етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Бас әскери прокуратураға сілтеме жасап.
Сарыөзек гарнизонының әскери прокуратурасы жүргізген талдау нәтижесінде жер комиссиясының шешімі және жер қатынастары жөніндегі жергілікті органмен жасалған сатып алу-сату шарты негізінде әскери бөлімдердің бірінің теміржолға баратын тармағының бір бөлігін коммерциялық құрылымның меншігіне заңсыз беру фактісі анықталды.
«Қадағалау актісі негізінде әскери бөлім Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына аталған шешім мен шартты заңсыз деп тану туралы талап арызбен жүгінді.
Сотпен талап арыз қанағаттандырылды, құны 75 млн теңгеден асатын кірме жол қорғаныс ведомствосының меншігіне қайтарылды», – делінген Бас әскери прокуратураның хабарламасында.
Әскери прокуратура органдары әскери нысандардың сақталуын және оларды тиісті пайдалануын қамтамасыз ету жөніндегі қадағалау шараларының іске асуын одан әрі жалғастырады.