Өскеменде келер жылы жаңа ЖЭО-ның құрылысы басталады
Жаңа нысан 2029 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр
Өскеменде 2026 жылы жаңа жылу электр орталығының құрылысы басталатын болды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі YK-news.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Басылымның мәліметінше, энергетикалық нысанды салу үшін осыған дейін жоспарланғандай ресейлік мамандар тартылмайтын болды.
Жаңа ЖЭО құрылысын жергілікті компания – «Өскемен Энерго» ЖШС жүргізеді.
«Қазіргі уақытта Өскемендегі жылу энергиясының тапшылығы 267 Гкал/сағ құрайды. Жаңа ЖЭО қуаты 360 МВт болады деп жоспарланып отыр. Биылғы желтоқсанда келісімшартқа қол қойылады деп күтіліп отыр, инвестор – «Өскемен Энерго» ЖШС. Ол «Самұрық-Энерго» АҚ тобына кіреді.
Құрылыс жұмысы 2026 жылдың бірінші тоқсанында басталып, нысан 2029 жылдың соңына дейін толық аяқталады. Біз өз тарапымыздан жер учаскесін белгіледік және жылу орталығына инфрақұрылымды жеткізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», – дейді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.