Эстония президентінің әйелі Астанадағы мектепті аралап көрді
№101 Келешек мектебінде бір ауысымда 2000 бала білім алады
Эстония президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында жұбайы Сирье Карис елордадағы №101 Келешек мектебінде болып, қазақстандық білім мен тәрбие жүйесімен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесуге ҚР оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты.
№101 Келешек мектебінде бір ауысымда 2000 бала білім алады. Мектеп оқушылары кездесу барысында эстониялық колледж студенттерінің өнерін тамашалады. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мемлекет басшысының тапсырмасымен ұлттық жоба аясында Қазақстанда мектеп инфрақұрылымын модернизациялау, инновациялық мектептер желісін кеңейту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
«Қазақстан білім беру жүйесін дамыта отырып, жаһандық бәсекеге қабілетті, зияткерлік әлеуеті зор адами капитал қалыптастыруға және жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген тәрбиенің біртұтас экожүйесін құруға басымдық берді. Осы мақсатта бүгінде барлық бала үшін заманауи, сапалы білімді тең әрі қолжетімді ету, халықаралық озық тәжірибелерді зерделеу бойынша жүйелі жұмыстар қолға алынуда», - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оқушылар шетелдік меймандармен ағылшын тілінде диалог құрып, ұлттық мәдениетімізді, тарихымызды киіз бен жібектен, қыштан, гипстен жасалған қолөнер бұйымдары арқылы таныстырды. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында ашылған «Абайтану» шығармашылық залында балалар ұлы ақынның философиясы, дүниетанымы туралы баяндады.
Эстонияның бірінші ханымы мектеп оқушылары ұсынған қолөнер бұйымдарын ерекше қызығушылықпен тамашалады. Кездесуде сондай-ақ, Эстонияның білім беру ұйымдарымен ынтымақтастық тәжірибесі таныстырылды.