Астаналық полицей джиу-джитсудан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды
Ол қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, жартылай финалға дейін жетті
Астана қаласы Полиция департаменті Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторы полиция майоры Олжас Жармагамбетов Абу-Дабиде өткен джиу-джитсудан әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Олжас Хамитұлы бірнеше кезеңнен тұратын белдесуде қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, жартылай финалға дейін жетті. Нәтижесінде ол әлем чемпионатының 3-орын иегері атанды.
«Қызметтік міндетін мінсіз атқара жүріп, спортты серік еткен полицей өзін тәртіп сақшысы ретінде ғана емес, талапшыл, мақсатшыл және ел намысын абыроймен қорғай алатын нағыз кәсіби спортшы ретінде көрсетті.
Астана қаласы Полиция департаменті Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлері халықаралық аренада жоғары дайындық пен мықты спорттық шеберлікті дәлелдеп қана қоймай, Қазақстанның көк байрағын биікке көтерді», – делінген қалалық ПД хабарламасында.