$ 519.41  600.85  6.41
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жер телімдерін «заңсыз» деп тану тоқтауы керек – Балабиев

Ол үкіметтен жер дауын шешуге нақты шара қабылдауды талап етті

Жер телімдерін «заңсыз» деп тану тоқтауы керек – Балабиев
Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Қайрат Балабиев премьер-министрінің орынбасары ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге елде жиілеп кеткен жер дауына қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары ірі қалалар мен облыс орталықтарында азаматтар заңды түрде алған жер телімдерінің түрлі себептермен «заңсыз» деп танылып, мемлекет меншігіне қайтарылуы халық арасында үлкен алаң тудырып отыр. Балабиев өз сауалында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында жердің халық игілігіне қызмет етуі тиіс екенін және «жер қадірін білетіндерге беру қажет» деп тапсырма бергенін еске салды.

Алайда, депутаттың сөзінше, бірқатар өңірлерде:

  • жаңа бас жоспарлардың жиі өзгеруі,
  • бюрократиялық сәйкессіздіктер,
  • құжаттардың қайта қаралуы салдарынан бұрын берілген мемлекеттік актілер жарамсыз деп танылып, тұрғындардың салған үйлері «заңсыз құрылыс» мәртебесіне ие болып жатыр.

Бұл мәселе тек құқықтық емес, сонымен бірге әлеуметтік тұрақтылыққа және азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер ететін өзекті проблема екені айтылды.

Қайрат Балабиев үкіметтен төмендегі шараларды қарастыруды сұрады:

  • Қалалар мен елді мекендердің бас жоспарларын жиі әрі негізсіз өзгертуді шектеу.
  • Азаматтар заңды түрде алған, тұрғын үй салған жер телімдерін қайта заңсыз деп тануды болдырмайтын бірыңғай құқықтық нормалар қабылдау.
  • Жерді бақылаусыз немесе заңсыз бөлген тұлғалардың жауапкершілігін күшейту.
  • Мемлекет немесе қоғамдық қажеттілік үшін алынатын жер мен үйлерге әділ өтемақы төлеу тетігін жақсарту.
  • Жер және тұрғын үй дауларын сотқа жеткізбей шешуді қамтамасыз ететін механиздерді күшейту.

 «AMANAT» фракциясы азаматтардың құқықтарын қорғап, олардың мүлкі мен еңбегін сақтау мәселесін басты назарда ұстайтынын айта келе, Балабиев үкіметтен жоғарыда аталған ұсыныстар бойынша нақты шара қабылдауды талап етті.

Серіктес жаңалықтары