«Қос стандарт түсініксіз»: депутат 2026 жылы шектеу енгізілетін көлік түрлеріне қатысты дабыл қақты
Ол жүргізушілердің табыссыз қалатынына алаңдаушылық білдірді
Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нәжметдинұлы келесі жылдан бастап шектеу тәртіптеріне ілігетін автокөлік түріне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мәжілістегі жұмыс тобының Құрылыс кодексі жобасымен жұмыс аясында біз «Автомобиль көлігі туралы» заңның 38-2-бабын алып тастау туралы түзетуді қабылдадық. Аталған бап 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпы салмағы 25 тоннадан асатын үш осьті самосвалдардың қозғалысына тыйым салуды көздейді. Алайда, осы заңнамалық жұмысқа қарамастан, норманың күшіне енуіне дейінгі уақыт шектеулі, ал оның экономика мен әлеуметтік тұрақтылыққа төндіретін қауіптері өте жоғары. Бұл мәселеге қатысты бұқаралық ақпарат құралдарындағы және әлеуметтік желілердегі талқылаулар қоғамның бұл шешімге айтарлықтай теріс көзқараста екенін көрсетіп отыр», - деді ол.
Аталған норма шамамен 36 500 самосвалға әсер етеді. Олар мына салаларда қолданылады:
- құрылыс;
- жол жөндеу жұмыстары;
- ТКШ, қоқыс пен қар шығару;
- ЖЭО және энергетикалық инфрақұрылым;
- су және газбен жабдықтау жүйелері;
- недропайдалану;
- ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі және әкімдіктер.
Бұл шектеу мыңдаған фермердің жолға шығуын да бөгемек. Олар тасымалдайтын:
- астық,
- мақта,
- тыңайтқыштар,
- мал азығы,
- егіннің элеваторлар мен қайта өңдеуге жеткізілуі көлемі бойынша үлкен, бірақ массасы рұқсат етілген нормадан төмен жүктер болып саналады.
«Бұл тасымалдаушылардың басым бөлігі 2026 жылдан бастап олардың жұмысы заңмен тыйым салынатынын тіпті білмейді. Бұл – әсіресе егін жинау науқаны кезінде аграрлық секторға жасалатын өте ауыр соққы, шын мәнінде, апатты жағдай», - деді депутат.
Тыйым енгізу нәтижесінде:
- қыста қарды шығаратын техника болмайды;
- коммуналдық қызметтер техникалық әлеуетінен айырылады;
- топырақты, инертті материалдарды, апаттық жөндеу жұмысына қажетті жүктерді тасымалдау көлемі қамтылмайды;
- әкімдіктер абаттандыру, инфрақұрылымды ұстау, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салу бойынша мемлекеттік тапсырыстарды орындай алмай қалады.
«Сонымен қатар қоғамда бұл мәселедегі қос стандарт түсініксіз болып отыр. Үш осьті шасси тек самосвалдарда ғана емес, бетон араластырғыш көліктерде, контейнер тасымалдағыштарда, автобустарда да қолданылады. Техникалық тұрғыдан бұл – бірдей көлік, бірақ тыйым тек самосвалдарға ғана салынып отыр. Бұдан бөлек, барлық самосвалдар сертификаттаудан өткен. Олардың басым бөлігі лизингке немесе несиеге алынған», – деді Нәжмитденұлы.
Эксплуатациясына тыйым салынса, көлік иелері:
- табысынан айырылады,
- өз міндеттемелерін өтеуге қауқарсыз болады,
- қарыз тұзағына түседі.
Бұл жүздеген мың адамға тікелей әсер ететін айтарлықтай әлеуметтік қауіп тудырады.
Осы айтылғандарды ескере отырып, ауқымды теріс салдардың алдын алу мақсатында депутат келесі ұсыныстарды айтты:
- Үкіметтің 38-2-баптың күшін жою немесе тоқтату мәселесі жөніндегі ресми ұстанымын ұсынып,
- Негізгі салалардың жұмысын тоқырауға ұшыратпау үшін 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін ішкі нормативтік акт арқылы 38-2-баптың уақытша қолданылуын тоқтату туралы шешім қабылдау.