$ 519.41  600.85  6.41
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Саиров солтүстік пен шығысқа көшіп баратын отбасыларға 9,1 млн теңге төлеуді ұсынды

Екі жылда 80 тіректі ауыл жойылған

Саиров солтүстік пен шығысқа көшіп баратын отбасыларға 9,1 млн теңге төлеуді ұсынды
Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі  Ерлан Саиров үкіметке жолдаған депутаттық сауалында елдегі еңбек нарығы мен көші-қон саясатының өзекті проблемаларын көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында атап өткендей, «еңбек нарығын, әсіресе көші-қон мәселесін реттеу саласында есепке алудың орталықтандырылған жүйесі жоқ», бұл мемлекеттік реттеудің тиімділігін төмендетіп отыр.

Депутаттың сөзінше, сарапшылар болжамы алаңдатарлық.

«2030 жылға қарай Қазақстанның еңбек нарығында 1,8 млн жұмыс күшінің жетіспеушілігі болуы ықтимал. Қазірдің өзінде, әсіресе ауылдық жерлерде 900 мың маман тапшы», – деді Саиров.

Оның айтуынша, халық саны өсіп жатқанымен, бірқатар өңірлерде депопуляция үдерісі айқын сезіліп отыр.

«2023 жылы елімізде 6 286 ауылдық елді мекен болса, 2025 жылы олардың саны 6 179-ға төмендеген. Екі жылда 80 тіректі ауыл жойылған», – деп нақтылады депутат.

Ерлан Саиров еңбек күшінің теңгерімсіздігін жою және Солтүстік-Шығыс аймақтарын дамыту үшін үкіметке бірқатар шұғыл шараларды қабылдауды ұсынды:

  • Солтүстік-шығыс өңірлеріне қоныс аударушыларға берілетін экономикалық мобильдік сертификат көлемін 2 320 АЕК-ке (шамамен 9,1 млн теңге) дейін ұлғайту;
  • Көшіп келген азаматтарға үй сатып алуға берілетін мемлекеттік қолдау мерзімін екі жылға ұзарту, ал өңірден кетпеу міндеттемесін бес жылға бекіту;
  • Мемлекеттік қаражатқа салынған тұрғын үйлерді жекешелендіру тәртібін қайта қарау;
  • Ауыл шаруашылығы мен білім беру саласына маман тартқан жұмыс берушілерге субсидияларды арттыру;
  • Enbek.kz порталына бос жұмыс орындары мен тұрғын үй туралы деректерді жариялауды міндеттеу және жарияламағандарға әкімшілік жауапкершілік енгізу;
  • Көшіп келген қандастар мен қоныс аударушыларға берілетін грант мерзімін кемінде 5 жыл өңірде тұрақты тұру шартымен ұзарту;
  • Қоныс аударушыларға баспана салу немесе сатып алу үшін жұмыс берушілерге 2%-дан аспайтын мөлшерлемемен, 20 жылға дейінгі мерзімге несие беру;
  • Солтүстік-шығысқа көшіп келген күндізгі студенттерге «шартты жұмыссыз» мәртебесін беру және оларды квотаға қосу мүмкіндігін қарастыру;
  • Шетелдегі қандастарды Солтүстік-шығыс аймақтарына еңбек ресурсы ретінде тартудың жаңа тетіктерін әзірлеу.

Депутат аталған мәселелерді шешу «елдің демографиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және еңбек нарығындағы теңгерімсіздікті жоюға бағытталған жүйелі шаралар қажет» екенін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары