Жамбыл облысында қызын балағаттаған ер адам сот алдында жауап берді
Ол өзінің кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдіріп, қызынан кешірім сұрады
Жамбыл облысында ер адам ішімдік ішіп келіп, туған қызын балағаттағаны үшін сот алдында жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Сарысу аудандық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қыздың анасы полиция шақырған
«Сот 2025 жылдың қазан айында Жаңатас қаласындағы пәтерде азамат Б. мас күйінде өзінің туған қызы М.-ға құрметсіздік білдіріп, оның атына былапыт сөздер айтқанын анықтады. Қыздың анасы полиция шақырып, содан кейін хаттама жасалды», - деп жазылған хабарламада.
Сотта Б. өзінің кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдіріп, қызынан кешірім сұрады.
Жәбірленуші сотқа құқық бұзушымен татуласқанын және ешқандай қарсылығы жоқ екенін айтты.
Сот үкімі шықты
Сот қаулысымен ӘҚБтК 73-бабының 1-бөлігі бойынша Б.-ға қатысты әкімшілік іс жәбірленуші мен құқық бұзушының татуласуына байланысты ӘҚБтК 64-бабының негізінде өндірістен қысқартылды. Қаулы заңды күшіне енді.