Биылғы қыс қандай болады – синоптиктер болжам жасады
Қыс айларында ауа температурасы жиі ауытқиды
«Қазгидромет» алдағы 2025 жылғы желтоқсан – 2026 жылғы ақпан, наурызға жасалған консультативтік болжам жөнінде брифинг өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Қыс жылы болады
Синоптиктердің алдын ала болжамы бойынша республиканың басым бөлігінде қыс мезгілі қоңыржай жылы болады. Жауын-шашын климаттық норма шамасында түседі. Бірақ кейбір кезеңдерде бұрқасындатып, екпінді жел соғып, көктайғақ болады, тұман түсіп, жауын-шашын мол түсуі мүмкін.
«Қыс айларында ауа температурасы жиі ауытқиды, яғни «температура кұбылады» деп болжанып отыр, жылы күндер суық аязды толқындармен алмасады», - деп жазылған хабарламада.
Бұрқасындатып, дауылды жел соғады
Жалпы желтоқсан айы жылы, жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында болады.
Елдің басым бөлігінде бұрқасындатып, дауылды жел соғады, көктайғақ болып, тұман түседі, оңтүстік циклондардың әсерінен кей күндері аралас жауын-шашын, яғни ылғалды қар, жаңбыр түрінде түсуі мүмкін. Антициклонның әсерінен кей кезеңдерде жауын-шашын тоқтап, аязды күндер келеді.
«Желтоқсандағы ең қарқынды суық толқын бірінші онкүндіктің соңында болады - елдің солтүстігінде, шығысында және орталығында ауа температурасы түнде 23-28 градус аязға, күндіз 13-18 градус аязға дейін төмендеуі мүмкін», - дейді мамандар.
Екінші және үшінші онкүндіктерде түнде температуралық фон 15-20 градус аяздан 5-10 градус аязға дейін, күндіз +3 -2 градустан 5-10 градус аязға дейін, шығыста кейбір күндері ауа температурасы түнде 25-35 аязға дейін, күндіз 15-20 аязға дейін төмендейді.
Батыста және елдің оңтүстік жартысында айдың басында температура жоғарылайды – күндіз 5-10 жылы, бірінші онкүндіктің соңында ауа температурасы түнде 12-17 градус аязға, күндіз 3-8 градус аязға дейін біртіндеп төмендейді. Содан кейін ауа температурасы түнде 0-5 аяздан 7-12 градус аязға дейін ауытқиды, күндіз 0-8 жылы шамасында болады.
Топырақта мұз қабыршығы пайда болады
Жауын-шашын мөлшері республика аумағының басым бөлігінде норма шамасында, республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында нормадан көп болады.
«2026 жылдың ақпан және наурыз айлары жылы болады деп болжанып отыр, жауын-шашын мөлшері қалыпты, тек наурызда республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығысындағы таулы және тау бөктеріндегі аудандарда нормадан көп (Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының, Жетісу облысының және Шығыс Қазақстан облысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында)», - деп атап өтті синоптиктер.
Синоптиктер қорытындылай келе, қардың еру кезеңдерінде аязды ауа райының жиі өзгеруіне байланысты топырақта және қар жамылғысында мұз қабыршығы пайда болатынын ескертті. Мұның бәрі 2026 жылғы су тасқыны кезеңінде кері әсер етуі мүмкін.