ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Талдықорғанда бір топ патруль Mitsubishi Pajero мінген бозбаланы әрең ұстады (ВИДЕО)

Рульде 2009 жылы туған жасөспірім болған

Талдықорғанда бір топ патруль Mitsubishi Pajero мінген бозбаланы әрең ұстады (ВИДЕО)

Талдықорғанда полиция қызметкерлері патрульден қашпақ болған кәмелетке толмаған жасөспірімді ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 2025 жылдың 16 қарашасы күні түнгі сағат 03:00 шамасында Талдықорған қаласының патрульдік полиция қызметкерлері облыс орталығы көшелерінде қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында Mitsubishi Pajero автокөлігін тоқтатпақ болды. Аталған көлік жоғары жылдамдықпен қозғалып, Қабанбай батыр көшесі бойында бірқатар қауіпті маневр жасаған.

Полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбаған жүргізуші жылдамдығын арттырып, қашуға әрекеттенген. Патрульдік экипаж дереу қуу әрекетін бастап, бағыт-бағдар мәліметін басқа нарядтарға жеткізді. Бірнеше минутқа созылған қуу барысында көлік көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің ауласында бөгеліп, тоқтатылды.

Тексеру кезінде рөлде 2009 жылы туған, көлік басқару құқығы жоқ кәмелетке толмаған жасөспірім отырғаны анықталды. Жасөспірім ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Оқиға туралы оның заңды өкілдеріне хабарланды.

Автокөлік арнайы айыптұраққа эвакуацияланды.

«Полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбау және жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару фактілері бойынша жиналған материалдар сотқа жолданды. Сонымен қатар жасөспірімнің ата-анасына кәмелетке толмағанның түнгі уақытта қараусыз жүруі және ата-аналық міндетін тиісінше орындамауы бойынша материал толтырылды.

Одан бөлек, жасөспіріммен бірге болған үш кәмелетке толмаған досының да болғаны белгілі болды. Олардың да ата-аналарына балалардың түнгі мезгілде заңды өкілдерінің қарауынсыз жүруі бойынша әкімшілік хаттамалар рәсімделді.

Полиция ата-аналарға: балаларыңыздың жүрген жерін қадағалап, түнгі уақытта қараусыз қалдырмауды, сондай-ақ көлікті басқаруға рұқсаты жоқ күйде жолға шықпауын қамтамасыз етуді ескертеді. Бұл – қауіпсіздік пен құқықбұзушылықтың алдын алудың басты шарты», – делінген облыстық ПД хабарламасында.

Полиция қоғамдық тәртіп пен заңдылықты сақтау – әрбір жол қозғалысына қатысушының қауіпсіздігінің кепілі екенін атап өтеді.

Серіктес жаңалықтары