Жемқорлардан қайтарылған 945 млн теңге Балқаш әуежайына жұмсалып жатыр
Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген қаржы әуежайдың өткізу қабілетін 30%-ға арттыруға мүмкіндік береді
Үкімет Балқаш қаласының әуежайын реконструкциялауға қайтарылған активтер есебінен 945 млн теңге бөлді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Нысанды реконструкциялау жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға және әуе айлағының негізгі параметрлерін халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Оның өткізу қабілеті 30%-дан астамға артады.
«Қазіргі уақытта жұмыстардың едәуір көлемі орындалған. Атап айтқанда, әуежайдың негізгі ғимараты мен қосалқы нысандарының шатыры жөнделіп, терезелер орнатылып, кәріз жүйесі және су құбырының негізгі желісі жаңартылды. Сондай-ақ кәріз-сорғы стансасы, трансформаторлық қосалқы станса, желдету және жылыту жүйелері орнатылды», - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар әуежай қызметін қамтамасыз ету үшін бірінші кезекте қажетті арнайы аэродром техникасын сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде аэродромдық өрт сөндіру көлігі, жылжымалы трап, шағын автобус және аэродромға арналған жанармай құю көлігі сатып алынған.
Айта кетері, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбеде және басқа да ірі қалалардағы жетекші әуежайларды мультимодальды хабтарға айналдыру үшін ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар негізгі туристік аймақтарда (Қатонқарағай, Зайсан, Кендірлі) жаңа әуежайлар салу және өңірлік әуе айлақтарын қалпына келтіру жұмыстары басталған.