Павлодар облысында ауыл тұрғыны 60-тан асқан әйелді пышақтап өлтіріп, мәйітін өртеп жіберген
Қанды оқиға 30 шілде күні Заря ауылында болды
Павлодар облысында ауыл тұрғыны әйел адамды асқан қатыгездікпен өлтірді деп айыпталды. Қылмыстық іс сотта қаралып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Irbistv.kz-ке сілтеме жасап.
Істің егжей-тегжейі
Сотта мәлім болғандай, қанды оқиға 2025 жылдың 30 шілдесінде Заря ауылында болған. Жұмыссыз жігіт 61 жастағы әйелдің үйіне ұрлық жасау мақсатында әдейі барған.
Ол өзімен бірге пышақ пен қолғап ала барған. Аулаға кірген сәтте оны үй иесі байқап қалады. Әйел адам полиция шақыратынын айтып айқайлай бастаған.
«Айыпталушы әйелді үйге итеріп кіргізіп, зал бөлмесіне сүйреп апарған. Сол жерде қылмыс жасауды ойлаған. Кейін мойнынан қыса бастаған, алайда әйел қарсыласып, оның денесіне соққылар жасап, бетін тырнап үлгерген», – деді Павлодар ауданы прокуратурасының аға прокуроры Әлия Қаппаева.
Қастандық қалай жасалды
Жігіт жәбірленушіні тұншықтыра алмайтынын түсінген соң, өзімен бірге алып келген пышақты шығарып, сұға бастаған. Сараптама марқұмның иек тұсына үш, кеудесіне тоғыз пышақ жарақаты тигенін анықтады. Әйел адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.
«Қылмысын жасыру мақсатында айыпталушы алдын ала қолына резеңке қолғап киіп алған. Сондай-ақ әйелдің үстіндегі іш киімдерін шешіп, мәйіттің үстін бөлмедегі киім-кешекпен, төсек-жабдықтармен жауып, артынша оларды өртеген. Осыдан соң оқиға орнынан қашып кеткен», – деп қосты Әлия Қаппаева.
Айыпталушы кінәсін мойындады
Сотта жігіт кісі өлтіру фактісі бойынша кінәсін толық мойындады. Сонымен қатар, оған тағы бір эпизод бойынша айып тағылған. Тергеу мәліметінше, қанды оқиғадан бірнеше күн бұрын ол ауылдың тағы бір тұрғынының үйіне ақша ұрлау үшін кірген.
Алдағы уақытта сотта жәбірленушілердің, куәгерлердің және айыпталушының өз түсініктемелері тыңдалмақ.