Мас жүргізуші қарсы бағытқа шығып кеткен: Жамбыл облысында жол апатынан екі адам қаза болды
Ол қарсы бағытта келе жатқан көлікпен соқтығысты
Жамбыл облысындағы сот екі адамның өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы үшін жүргізушіні бес жылға түрмеге қамап, өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соттың мәліметінше, маусым айында Toyota Camry 55 автокөлігінің жүргізушісі мас күйінде Шөлдала – Тараз тасжолы бойында қарсы бағытқа шығып кетіп, Mitsubishi Pajero көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Toyota көлігінің бір жолаушысы оқиға орнында қаза тапса, екіншісі жансақтау бөлімінде көз жұмды. Айыпталушы өз кінәсін мойындағанымен, жәбірленуші тарап оны кешірген жоқ.
Сотта айтылғандай, ер адамға тағылған айып (ҚК 345-1-бап, 4-бөлім) 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Алайда «сот жеңілдететін мән-жай ретінде айыпталушының шын өкінгенін және кінәні толық мойындағанын ескерді».
Бұл бап орташа ауырлықтағы қылмыстар санатына жататындықтан, жеңілдететін мән-жайлар болғанда жаза ең жоғарғы мерзімнің жартысынан аспауы тиіс.