$ 524.32  609.05  6.52
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қарағанды облысында 7 адам тірідей жанып кеткен жол апаты: жүргізушіге сот үкімі шықты

Ол жол апатына себеп болғаны үшін түрмеге қамалды

Қарағанды облысында 7 адам тірідей жанып кеткен жол апаты: жүргізушіге сот үкімі шықты
Фото: Видеодан скрин

Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жеті адамның өліміне және тағы бір адамның жарақат алуына себеп болған жол-көлік оқиғасы бойынша айыпталған жүргізушіге қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 5 шілде күні шамамен сағат 16:00-де Д. есімді жүргізуші Kia Sedona маркалы көлігімен Алматы – Екатеринбург тасжолымен Балқаш бағытына қарай жүрген. 791-шақырым тұсында ол жол белгілерін елемей, ақ түсті Toyota көлігін басып озбақ болып, қарсы бағыттағы жолаққа шыққан.

Осы сәтте ол жүк көліктерінің салмағын өлшейтін жабдық орнатуға арналған шұңқырға түскен. Салдарынан Kia Sedona жолдың екі жағындағы металл қоршауларға соғылып, өртеніп кетті.

Оқиға орнында көліктегі жеті жолаушы көз жұмды. Ал жүргізуші мен тағы бір адам жарақат алып, Шет аудандық ауруханасына жеткізілді. Медициналық сараптама жолаушының орташа ауыр жарақаттар алғанын анықтаған.

Айыпталушының кінәсі өз мойындауы, жәбірленушілер мен куәлардың айғақтары, жол апатының сызбасы, сараптама қорытындылары және басқа да дәлелдермен расталды.

Мемлекеттік айыптаушы соттан Д.-ға бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушілердің бірі қатаңырақ жаза қолдануды талап етсе, қалғандары прокурордың талабын қолдады.

Қорғаушы тарап соттан айыпталушының өкінуін ескеріп, ең төменгі мерзімде жаза тағайындауды сұрады.

Заң бойынша бұл қылмыс үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сот айыпталушының кәмелетке толмаған баласы бар екенін, сондай-ақ оның кінәсін мойындап, өкінгенін ескерді,сол сияқты ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Нәтижесінде сот Д.-ға бес жыл бас бостандығынан айыру және жеті жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын қауіпсіздігі төмен колонияда өтейді.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, осыған дейін Қарағанды-Балқаш тасжолында жантүршігерлік жол апатынан жеті адам тірідей өртеніп кеткені хабарланған болатын.

Серіктес жаңалықтары