Үкімет басшысы жұмысына салғырт қарап отырған әкімдіктерді тізбектеп шықты
Бектенов теміржол вокзалын жаңғырту туралы айтты
Үкімет отырысы барысында премьер-министр Олжас Бектенов теміржол вокзалдарын жаңғырту және күрделі жөндеу тақырыбына жеке тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жұмыс биыл басталғаны атап өтілді. Қысқа мерзімде мердігерлер айқындалды. Оларға да, әкімдіктерге де қолайлы әрі толығымен жүзеге асырылатын құрылыс туралы шарттар жасалды.
«Үкімет осы міндеттің уақтылы орындалуы үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдады. Алайда кейбір әкімдіктердің құрылыс барысына бақылауды босаңсытып алғанын көріп отырмыз.
Ақмола, Жетісу, Ақтөбе, Абай және Ұлытау облыстарында мерзімдердің бұзылу қаупі жоғары. Маңғыстау облысында бір вокзалдағы жұмыс кестеден кешігіп жатыр. Алматы қаласында «Алматы-1» вокзалын жаңғырту жұмысы тым созылып кетті. Мұны әкімдіктердің жұмысындағы олқылық деп санаймын.
Құрылыс жұмысының барлығы сапа талаптарын сақтай отырып, белгіленген мерзімде аяқталуға тиіс. Тапсырманың орындалуына жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшылары тікелей жауапты болады», – деп атап өтті премьер-министр Олжас Бектенов.