Түркістан облысында 16 жастағы қыз баланы зорлап, өлтіріп кеткен: сот отырысы жабық өтетін болды
Қайғылы оқиға 2025 жылдың 6 маусымында түнгі уақытта болды
Түркістан облысының Төрткүл ауылында 16 жастағы қыздың зорлықпен қаза болуы фактісі бойынша сот процесі жабық түрде өтеді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қылмыстық іс үш бап бойынша қозғалған: «Кісі өлтіру», «Зорлау» және «Зорлықпен сексуалдық сипаттағы әрекеттер».
«Сот негізгі сот отырысын Қылмыстық процестік кодекстің 29-бабының 1-бөлігінің талаптарына сәйкес жабық режимде өткізуді қажет деп санады», – деді Түркістан облыстық сотының баспасөз хатшысы Заманбек Исмайыл.
Айта кетейік, қайғылы оқиға 2025 жылдың 6 маусымында түнгі уақытта болды. Ауыл тұрғындарының айтуынша, қыз бала дүкеннен шығып, үйіне келе жатқанда жоғалып кеткен.
Отбасы мүшелері мен ауыл тұрғындары полициямен бірге оны түн бойы іздеген, бірақ таба алмаған. Таңертең полиция оның денесін жол бойындағы балабақшаның қоршауы жанынан тапқан.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қыз баланың мәйіті табылған күні полицейлер дүкеннің жанында жұмыс істейтін еңбек мигрантын ұстаған.