Алматыдағы балалар үйіндегі өрттің таралу қаупі жоқ – ТЖМ
Қаланың барлық жедел қызметі оқиға орнында жұмыс істеп жатыр
Алматы қаласындағы балалар үйінің аумағында шыққан өрттің таралу қаупі жойылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
«Қазіргі уақытта оттың тарау қаупі жойылды, өрт толық локализацияланды», – делінген ведомствоның ресми хабарламасында.
Өрт балалар үйінің асхана ғимаратында басталып, кейін іргелес үш қабатты ғимараттың шатырына тараған.
Өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр
Оқиға орнында жедел штаб құрылып, жағдайды тұрақты бақылау қолға алынған. Барлық жедел қызмет өкілдері – өрт сөндірушілер, медицина қызметкерлері мен психологтар оқиға орнында жұмыс істеп жатыр.
«Өрттің таралуына ғимараттың күрделі құрылымдық ерекшелігі, шатырдың ағаш және резеңке материалмен қапталуы, сондай-ақ жоғары температура әсер етіп отыр», – деп мәлімдеді ТЖМ.
Қазіргі уақытта өртті сөндіру үшін төрт учаске ұйымдастырылған.
Газ беру тоқтатылып, су жеткізу үздіксіз жүргізіліп жатыр.
Өрт сөндірушілер шатырды ашып, отты толық сөндіру жұмыстарын жалғастыруда.
Балалар эвакуацияланып, қауіпсіз жерге орналастырылды
Төтенше жағдайлар министрлігі өрт кезінде балалар мен қызметкерлердің дер кезінде эвакуацияланғанын хабарлады.
«Балалар үйінің тәрбиеленушілері көрші мешіт ғимаратына орналастырылды. Оларға медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр», – делінген ведомство ақпаратына.
Айта кетсек, бұған дейін Алматы қаласындағы балалар үйінің аумағында орналасқан асхана ғимаратында өрт шыққаны хабарланған еді.