Атырау тұрғыны университет маңында темекі тұқылын лақтырғаны үшін жауапқа тартылды
Сот шешім шығарды
Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында ортақ пайдаланылатын орындарды ластады деп айыпталған М.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық сотқа сілтеме жасап.
Іс материалына сәйкес 2025 жылдың 1 қарашасында сағат 17.35 шамасында әйел М. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті тұсында темекі шегіп, тұқылын рұқсат етілмеген орынға тастаған, яғни ортақ пайдаланылатын орындарды ластаған.
Оның кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, сауал қою хаттамасымен, бейнежазбамен толық дәлелденді.
Сот құқық бұзушыға әкімшілік жаза қолдану барысында оның кінәсін мойындап, өкінуін жауапкершілікті жеңілдететін мән-жай ретінде таныды.
«Сот қаулысымен құқық бұзушы М. кінәлі деп танылып, оған әкімшілік жаза ретінде 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынып, жауаптылығын жеңілдететін мән-жай ескеріліп, айыппұл сомасы 30%-ға, яғни 27 524 теңгеге қысқартылды», - деп жазылған хабарламада.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.