Астанада жол ережесін бұзушылар дрондар арқылы анықтала бастады (ВИДЕО)
Дрондар күн сайын қала көшелерін шолып, көлік ағынын бақылайды
Астанада құқық бұзушылықтарды анықтауға заманауи бейнебақылау және тіркеу жүйелері кеңінен қолданылып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ІІМ ведомстволық сайтына сілтеме жасап.
Әсіресе «Дрондардың бірыңғай инфрақұрылымы» пилоттық жобасына ерекше назар аударылған. Оның аясында жол қозғалысы әуеден бақыланады.
«Қазіргі таңда алты заманауи дрон күн сайын қала көшелерін шолып, көлік ағынын бақылайды, жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тіркейді, автокөлік нөмірлерін анықтап, оларды іздеу базаларымен салыстырады. Осылайша, полиция қызметкерлері кез келген жағдайға жедел әрекет етуге мүмкіндік алады», - дейді полиция.
Мысалы, дронның көмегімен теміржол өткелінде шлагбаум жабылар сәтте жолды кесіп өткен Kia көлігінің жүргізушісі анықталды. Бұл дерек полицияның жедел басқару орталығына жолданып, жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Тағы бір жағдайда Toyota көлігінің жүргізушісі теміржол өткелінің алдында тоқтаған автокөліктерді басып озғаны үшін жауапқа тартылды.
«Бұдан бөлек, дрондар көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану және көлік пайдалану ережелерін бұзу сияқты өзге де заңбұзушылықтарды анықтап отыр», - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар мәдени және спорттық бұқаралық іс-шаралар кезінде дрондар арқылы онлайн-трансляциялар ұйымдастырылып, бейнежазбалар полицияның жедел басқару орталығына тікелей беріледі.