$ 522.49  601.07  6.47
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қостанай облысында үш адамның өліміне кінәлі жүргізуші сотталды

«Chevrolet Cobalt» жүргізушісі қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып кетіп, «Volvo FH» маркалы жүк көлігімен соқтығысқан

Қостанай облысында үш адамның өліміне кінәлі жүргізуші сотталды
Фото: istockphoto.com

Қостанай облысында үш адамның өліміне кінәлі деп танылған жүргізуші 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жолдың қарсы бетіне шығып кеткен

Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше 2025 жылдың 30 мамырында «Қарабұтак–Қостанай» автожолында айыпталушы «Chevrolet Cobalt» автокөлігін басқара отырып, рөлге ие бола алмай, қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып кетіп, өз жолағымен келе жатқан «Volvo FH» маркалы жүк көлігімен соқтығысқан.

«Салдарынан «Chevrolet Cobalt» автокөлігінің үш жолаушысы ауыр дене жарақатынан жедел жәрдем көлігінде көз жұмды, тағы бір жолаушы ауыр жарақатпен Денисов аудандық ауруханасына жеткізілген», - деп жазылған хабарламада.

Айыпталушы сотта өз кінәсін толық мойындады. Прокурор айыпталушыны кінәлі деп танып, оған 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесуді сұрады.

Сот үкімі шықты

Сот сотталушының жасаған ісіне шынайы өкінуін жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды. Іс бойынша ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

«Сот талқылауының қорытындысы бойынша айыпталушы кінәлі деп танылып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және көлік құралдарын басқару құқығынан 5 жылға айыру жазасы кесілді», - деп атап өтті сот.

Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесіннің қауіпсіздігі барынша төмен  мекемесінде өтейді. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары