Қостанай облысында 250 млн доллар тұратын агрокешен салынады
Жоба үш жылда толық пайдалануға беріледі
Қазақстанның солтүстігінде құны 250 млн долларды құрайтын ірі агроиндустриялық жоба іске асырылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Үш жылда толық пайдалануға беріледі
Жобаға Сингапурдың Xiyu Agricultural Pte LTD компаниясы инвестиция құйып жатыр. Кешенді іске қосу мерзімі – 3 жыл.
Болашақ өндіріс қуаты мыналарды қамтиды: 300 мың тонна бидай; 220 мың тонна жемдік бидай мен арпа; 200 мың тонна күнбағыс; 27 мың тонна глютен; 127 мың тонна лимон қышқылы (моногидрат және сусыз түрлері); 360 мың тонна құрамажем ұны; 100 мың тонна күкірт қышқылы; 200 мың тонна шикізаттан тазартылмаған күнбағыс майы.
Инфрақұрылым жаңартылып жатыр
Жобаға қажетті инфрақұрылымды дамыту аясында:
- Тобыл элеваторы (90 мың тонна) сатып алынды
- 20 гектар жер телімі рәсімделді
- Кәсіпорын аумағына газ жүргізілді
- Жабдықтарға капиталдық жөндеу жасалды
- Теміржол желісі жаңартылды
- Сағатына 55 тонна өнім кептіретін жаңа қондырғы орнатылды
- Электр жүйесі жаңартылып, экспортқа арналған контейнерлік алаң құрылған.
Өңірдің экспорттық әлеуеті артады
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, өндірілетін өнімнің басым бөлігі Түркия, Қытай, Еуропа және Таяу Шығыс елдеріне экспортталады.
«Бұл жоба өңірдің экспорттық мүмкіндігін айтарлықтай күшейтеді әрі агроөнеркәсіпке шетелдік инвестиция тартуға мүмкіндік береді», — деп хабарлады министрлік.