«Бала ескерткен»: Батыс Қазақстанда оқушының өлімінен кейін директор мен психолог тергеліп жатыр
Жасөспірім осы жазда сауалнама алынған кезде өзіне-өзі қол жұмсау ниетін білдірген
Батыс Қазақстан облысында жасөспірімнің өлімінен кейін мектеп директорына, оның орынбасарына және мектеп психологына қатысты тергеу басталды. Бала жазда сауалнамада өзіне-өзі қол жұмсау ниетін білдірген, бірақ педагогтар ешқандай шара қолданбаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Мой город» порталына сілтеме жасай отырып.
Батыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары Азамат Құстанов өңір балалар суициді бойынша елімізде алғашқы орындардың бірін иеленетінін, мұндай жағдайлар 27%-ға өскенін хабарлады. Оның айтуынша себептердің бірі – білім жүйесі қызметкерлерінің немқұрайлылығы.
«Ақжайық ауданындағы мектепті мысал ретінде келтіруге болады, онда жасөспірім осы жазда сауалнама алынған кезде өзіне-өзі қол жұмсау ниетін білдірген. Мектеп психологы бұл ақпаратты басшылыққа жеткізбеген және баланы проблемамен жалғыз қалдырған. Салдарынан кәмелетке толмаған бала өзіне-өзі қол жұмсады. Қазіргі уақытта психологқа, мектеп директорына және оның орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Жауапкершілік мектеп қызметкерлеріне ғана емес, сонымен қатар білім басқармасы басшылығына да жүктелуі керек деп есептеймін», - деді облыс прокурорының орынбасары.