Қарағанды облысында 17 жылқыны қырып тастаған фермерді ауылдастары жақтап отыр
Жылқылар бұл адамның егінін таптаған екен

Қарағанды облысында 53 жастағы фермердің 17 жылқыны қырып тастағаны үлкен дауға айналды. Оқиға қыркүйек айының соңында болған. Ер адам егінін қорғап жүріп, 14 жылқыны атып өлтірсе, тағы үшеуін жаралаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, фермер екі айға қамауға алынған.
Бірақ бұл оқиғадан кейін Нұра ауданының басқа шаруалары көтерілген. Олар бұл адамның әрекетін ақтамаса да, оның неге шыдай алмағанын түсінеміз дейді.
«Менің егістігім 700 гектар. Биыл әр гектардан небәрі 4 центнер ғана өнім алдым, ал қалыпты жағдайда 14 центнер алуым керек еді. Жылқылардың кесірінен шамамен 70 миллион теңге шығынға баттым», – дейді шаруашылық басшысы Герман Ли.
Оның әріптесі Леонид Полеводин де қолдау білдіріп отыр.
«Біреу ақыры шыдай алмады. Атуға дейін жеткізді. Сол жылқылардың иелері кінәлі, адамды ашындырды ғой», - дейді ол.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, жылқылары атылған мал иесінің 500 бас жылқысы бар, бірақ жайылым тек 70 басқа ғана жетеді. Сондықтан табын жиі басқа адамдардың егістігіне кіріп кетеді.
Жылқылары өлген Дулат Мусапиров жағдайды былай түсіндірді.
«Егін жиналып болған соң, жылқыларды орылған алқапқа жібереміз. Төмен жердегі жолақ көрінбейді. Біздің қыстақтың айналасы түгел егіс болған соң, байқамай кіріп кеткен», - дейді ол.
Нұра ауданы әкімдігі де мәселенің барын мойындайды.
«Бұл елді мекенде 4 мың гектар жайылым жетпейді. Дегенмен, заң бойынша мал басын шектеу қарастырылмаған», – дейді аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қамбар Қадырбаев.
Фермерлерге алыс аймақтардан жайылым алу ұсынылғанымен, жылқыларды онда апарып бағу қиын дейді шаруалар. Ал әзірге егіншілер мен малшылар арасындағы жанжал үдей түсіп отыр.