Шет ауданында «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында жаңа заманауи мектеп ашылды
Мектепте 300 бала оқи алады

Республика күні қарсаңында Шет ауданының Сәкен Сейфуллин атындағы кентінде тұрғындар үшін қуанышты оқиға болды, мұнда «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Жаңа білім ордасы оқушылардың жан-жақты дамуы мен сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған заманауи білім кеңістігіне айналды. Кең әрі жарық кабинеттер эргономикалық жиһазбен жабдықталған. Мұнда асхана, кітапхана, акт және спорт залдары, сондай-ақ STEM-зертхана, жаратылыстану-математикалық бағыттағы сыныптар, робототехника мен графикалық дизайн кабинеттері жұмыс істейді. Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға арналған үйірмелерге арнайы бөлмелер де бар.
Білім мекемесіне жасанды интеллект технологиясымен жабдықталған 22 интерактивті тақта орнатылған. Сонымен қатар, мектептің қауіпсіздік жүйесі заманауи талаптарға сай: бейнебақылау камералары және полициямен тікелей байланыс орнатуға арналған дабыл түймелері бар.
Салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтау сөз сөйлеп, жаңа мектептің ашылуы өңірдің білім беру саласындағы маңызды қадам екенін атап өтті:
Қымбатты балалар! Бұл мектеп сіздердің армандарыңыздың бастауына айналсын. Республика күнімен және жаңа мектептің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! – деді ол.
Мектептің тағы бір ерекшелігі - бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктардың болуы. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін де жағдай жасалған: бірінші және екінші қабатты байланыстыратын лифт орнатылған.
Сәкен Сейфуллин атындағы тірек мектебінің (ресурстық орталықтың) директоры Алма Әбеуова жаңа оқу ордасының ашылуы білім сапасын арттыруға зор мүмкіндік беретінін айтты:
Енді мектебіміз барлық заманауи білім стандарттарына толық сәйкес келеді. Педагогикалық құрам толық жасақталған, – деді ол.
Айта кетейік, Шет ауданының Ақсу-Аюлы ауылында да «Келешек мектебі» жобасы бойынша жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Соңғы екі жылда Қарағанды облысында жеті жаңа мектеп салынған, олардың төртеуі дәл осы ұлттық бағдарлама аясында іске асырылған.