Шымкентте есепте тұрған нашақорлар емделуден бас тартқаны үшін жазаланды
Медициналық тексеруден жалтарғандарға айыппұл салынды

Шымкент қаласында есірткі қолдануға байланысты есепте тұрған жеті азамат дәрігерлердің ескертуіне қарамастан міндетті медициналық тексеруден және емделуден бас тартқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратураның бастамасымен бұл азаматтардың әрқайсысы ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 429-бабының 2-бөлігіне сәйкес 19 660 теңге мөлшерінде айыппұлмен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Енді олар тұрақты түрде медициналық тексеруден өтетін болды.
Прокуратура аталған бағыттағы жұмыстарды ерекше бақылауда ұстап отыр.
Медициналық тексеру тәртібі
Есірткі қолдануға байланысты есепте тұрған адамдар алғашқы алты айда ай сайын, кейін тоқсанына кемінде бір рет медициналық тексеруден өтуге міндетті. Бұл талап Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітілген.
Прокуратураның үндеуі
Қадағалау органы азаматтарды медициналық тексеруден өту тәртібін сақтауға және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады.