$ 539.06  623.75  6.63
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жетісуда Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

Талдықорғанда төрт елдің ғалымдары Шоқан Уәлихановтың мұрасын талқылады

Жетісуда Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті
Фото: Жеңіс Ысқабай, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы

Жетісу облысында «Шоқан Уәлиханов: тарих және тұлға» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Этнограф ғалым, ағартушы, тарихшы және географ Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына арналған шараға Қырғызстан, Өзбекстан, Ұлыбритания мемлекеттерінің және еліміздің ғалымдары қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Конференцияның ашылуында көпшілікті облыс әкімінің атынан құттықтаған орынбасары Диас Есдәулетов Шоқан Уәлиханов мұрасы түрік халықтарының тарихы мен мәдениетін тануға септігін тигізетінін атап өтіп, ғалым еңбектерінің жан-жақты зерттелуі келешек ұрпақтың еншісінде екенін алға тартты.

«Шоқан Уәлиханов жалғыз қазақтың ғана емес, барлық түрік халықтарының мақтанышы. Оның тұлғасы – жалпыұлттық сипатқа ие. Оның өмірінің соңғы күндерін Жетісу жерінде өткізіп, топырақ бұйыруы біз үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Биыл ғалым атындағы «Алтынемел» музейінің ашылғанына 40 жыл толып отыр. 2023 жылы ел Президентінің тапсырмасымен музейге толық жөндеу жұмыстары жүргізілді», - деген Есдәулетов аймақтың тарихи-мәдени өмірінен орын алған музейдің маңыздылығына тоқталды.

Конференция аясында Жарылқап Бейсенбайұлының қайта басылған «Шоқан» кітабының тұсаукесері өтіп, Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың құттықтау тілектері оқылды.

Одан соң Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас маманы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әуезхан Шашаев, Қырғыз Республикасының қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Шолпан Тұрдалиева, Өзбекстандық шоқантанушы жазушы Владимир Фетисов, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Факия Шамшиденова, Ұлыбританиялық саяхатшы, журналист Ник Филдинг кезекпен сөз алып, жасын ғұмырлы ғалымның еңбектеріндегі ерекшеліктерді, айтылмаған сырларды, ұлттар мен ұлыстарға қатысты мәліметтерді жан-жақты талдап, түсіндірді.

Конференция соңы пікірталас пен ұсыныстарға ұласып, Шоқан еңбектерін зерттеу мен танытуды жалғастырудың маңыздылығын әңгімеледі.

Айта кетсек, конференция алдында қатысушылар Кербұлақ ауданының Шанханай ауылдық округінде орналасқан Ш. Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалдық музейіне барып, гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында кешен аумағына жас көшеттер отырғызды.

Серіктес жаңалықтары