Қарағанды облысының екі тұрғыны аң аулап келе жатқан жерінен ұсталып қалды
Олар полицейлерден қашып кетпек болғанмен, ұсталып қалды

Қарағанды облысының Нұра ауданында полиция табиғатты қорғау, криминалдық және патрульдік полиция қызметкерлері аң аулап келе жатқан екі ер адамды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР ІІМ мәліметінше, оқиға 9 қазан күні түнгі сағат 02:40 шамасында Теміртау- Астана автожолының 50-шақырымында Алғабас ауылының маңында болған.
Полиция күдік тудырған Mitsubishi Pajero автокөлігін тоқтатпақ болған кезде, жүргізуші мен жолаушы полицейлердің талабына бағынбай, жол жиегіне бұрылып қашпақ болған. Алайда тәртіп сақшыларының жедел әрі үйлесімді іс-қимылының арқасында көлік тоқтатылып, екі ер адам ұсталды.
Тексеру барысында көліктің жүк салғышынан жабайы аңның еті, екі аңшы мылтығы, 15 оқ-дәрі, қолдан жасалған пышақ және қуатты жарық шам табылды. Ұсталғандардың ешқайсысында аң аулауға рұқсат беретін құжаттар болмаған.
Белгілі болғандай, күдіктілер – Саран қаласының 41 жастағы екі тұрғыны. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сонымен қатар Нұра аудандық сотының қаулысымен ер адамдар полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбағаны үшін кінәлі деп танылды.