Қазақстанда 22,7 млн тонна астық жиналды
Еліміздің өңірлерінде егін жинау науқаны жүріп жатыр

Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанда 22,7 млн тонна астық жиналғанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрлік мәліметінше, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың болжамды жинау алаңы 16 млн гектардан асады. Бүгінгі таңда 14,3 млн гектар немесе жалпы егіс алқаптарының 88,9%-ы жиналды. Нәтижесінде 22,7 млн тонна астық бастырылды.
Дәнді дақылдардан бөлек, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 1,7 млн тонна майлы дақыл, гектарына 227,3 центнер өнімділікпен 2,6 млн тонна картоп және гектарына 306,7 центнер өнімділікпен 3,5 млн тонна көкөніс жинады.
Атап айтқанда, 323,6 ц/га өнімділікпен 428,8 мың тонна қырыққабат, 440,5 ц/га өнімділікпен 1017,6 мың тонна пияз, сондай-ақ 288,3 ц/га өнімділікпен 359,6 мың тонна сәбіз жиналды.
«Егін жинау науқаны ұйымдасқан түрде, агротехникалық талаптарға сай мерзімде өтіп жатыр», - делінген АШМ хабарламасында