ШҚО-да ауыл тұрғындарына боқауыз сөздер айтқан әкім жазаланды
Оған қатысты сот шешімі жарияланды

ШҚО-да Зайсан аудандық соты Шілікті ауылының әкіміне қатысты әкімшілік құқықбұзушылық істі қарады. Осыған дейін аталған шенеуніктің бейәдеп сөздер айтқан видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тараған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға қалай болды
Әлеуметтік желіде ауыл әкімінің бейәдеп сөздер айтқан видеосы тараған. Бейнежазбада ауыл тұрғындары қабылдауға келіп, әкімнің жұмысына қатысты сұрақтар қоя бастағаны көрінеді. Әңгіме барысында тараптар арасында жанжал туып, шенеунік өзін ұстай алмай, боқауыз сөз айтқан.
7 қазан күні облыс әкімдігінің баспасөз қызметі Telegram-арнада осы жағдайға байланысты әкімнен «ресми түсініктеме талап етілгенін» хабарлады.
Кейін бейнежазбадағы әкім Шілікті ауылдық округі тұрғындарынан кешірім сұрап, эмоциясын ұстай алмағанын» мәлімдеді.
Сот не шешті
Соттың мәліметінше, 6 қазан күні шамамен сағат 15:00-де шенеунік әкімдік ғимаратындағы қызметтік кабинетінде ауыл тұрғындары мен қоғамдық бірлестік өкілдерінің көзінше оларға құрметсіздік көрсетіп, бейәдеп сөздер айтқан.
«Сот отырысында азамат Т. өз кінәсін толық мойындап, кездесуге қатысушыларға бейәдеп сөз айтқанын жоққа шығарған жоқ. Ол істеген ісіне өкінетінін білдіріп, көпшілік алдында кешірім сұрады. Әкімшілік құқықбұзушылықтың жасалғаны куәгерлердің айғақтарымен, сотта қаралған бейнежазбамен және оның өз түсіндірмесімен дәлелденді», – делінген сот хабарламасында.
Зайсан аудандық сотының қаулысымен шенеунік ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 55 048 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.