$ 541.54  629.16  6.64
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Екібастұздағы алты адамның қазасы: полиция қылмыстық іс қозғады

Полиция департаменті түсініктеме берді

Екібастұздағы алты адамның қазасы: полиция қылмыстық іс қозғады
Фото: freepik.com

Екібастұз қаласына қарасты Солнечный ауылында алапат өрт болып, алты бірдей адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, өрт салдарынан алты адамның қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалды.

«Полиция өрттен алты адамның қаза болу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады», – делінген департаменттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Полиция өкілдері Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жариялауға жатпайтынын атап өтті.

Айта кетейік, Солнечный ауылында жер үй мен шаруа қожалығы өртеніп, бір отбасының алты адамы опат болды.

Облыстық ТЖД мәліметінше, оқиға орнына дереу Павлодар өңірлік ТЖД күштері мен құралдары, ГРЭС-2 өртке қарсы құрамалары және Солнечный ауылдық өрт бекетінің қызметкерлері жіберілді. Өрт сөндіру кезінде құтқарушылар сыйымдылығы 27 литрлік сегіз газ баллонын сыртқа шығарып үлгерді.

Серіктес жаңалықтары