Ақсуда 33 ер адам маскүнемдіктен мәжбүрлі түрде емдетілетін болды
Оларға сот шешімімен осындай шара қолданылды
Ақсу өңірінде жыл басынан бері алкоголизмге шалдыққан 33 азамат мәжбүрлі түрде емдеу мекемесіне жіберілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тәртіп сақшылары мас күйінде жасалатын құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу жұмысын жүргізіп жатыр.
«Қазіргі уақытта ішкі істер органдарында маскүнемдікке бейім 128 адам және 29 есірткі қолданушы есепте тұр. Олардың әрқайсысы учаскелік полиция инспекторларының ерекше бақылауында. Полиция қызметкерлері құқықбұзушылыққа мүлде төзбеушілік қағидатын жүзеге асыру бағытында жұмысты жалғастырып жатыр», – деді Павлодар облысы Ақсу қалалық полиция бөлімінің бастығының міндетін атқарушы Айдар Сламбеков.
Мінез-құлқы қоғамдық тәртіпке, айналасындағылардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіретін азаматтарға қатысты учаскелік полиция инспекторы арнайы емдеу-алдын алу мекемесіне мәжбүрлі емге жіберу туралы құжаттар жинап, істі сот қарауына жолдайды.
Мысалы, бір күннің ішінде Ақсу қалалық сотының шешімімен маскүнемдіктен алты ай мерзімге мәжбүрлі емге сегіз адам жіберілген. Олар ұзақ уақыт бойы алкогольдік ішімдіктерді шамадан тыс тұтынған, заңсыз әрекеттерге барған және айналасындағыларға қолайсыздық тудырған. Сот шешімдері дереу орындалуға тиіс болды.
Полиция азаматтарды әлеуметтік жауапкершілік танытуға, сондай-ақ емделіп оралған адамдардың оңалту және қоғамға бейімделу үдерісіне атсалысуға шақырады. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында ғана құқықбұзушылықтың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті сақтауға қол жеткізуге болады.